Елена Рыбакина: "Чехиялық теннис мектебі өте мықты"

727

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты.

Елена Рыбакина: "Чехиялық теннис мектебі өте мықты"

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған чехиялық 16 жасар Бренда Фрухвиртовамен кездесті. Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте чехиялық спортшы брейкпен алға шыққанымен, Елена көпке ұзатпады. Содан кейін тағы бір брейкпен сетті тәмамдады – 6:4.

Бренда Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен Е.Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, өз геймін де алды – 3:2. Ақыры матчты кезекті брейкпен түйіндеді – 6:2

Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Елена Рыбакина екінші айналымда Чехияның тағы бір жас жұлдызы, әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы Линда Носковамен сынға түседі.

Матч аяқталған соң Елена бүгінгі кездесуге байланысты пікір білдірді.

"Брендаға қарсы ойынның басында кортқа және қарсыластың ойын стиліне үйренуге тура келді. Өйткені бұл біздің бірінші кездесуіміз. Маған біраз шыдамдылық жетіспеді. Бірінші партия соңында мен қарқынымды арттырып,  өз ойынымды көрсеттім. Екінші айналымда Носковамен кездесемін. Ол болашағынан зор үміт күттіретін ойыншы. Өткен жылдан бері Линда жақсы нәтиже көрсете бастады. Өздеріңіз көріп отырғандай негізгі матчта Чехиядан көптеген ойыншылар бар және чехиялық теннис мектебі өте мықты. Жеңіске жетуге тырысамын. Бірақ оңай ойын болмайтынын білемін", - деді Елена баспасөз мәслихатында.

Ал Александр Бублик 3 сағат 20 минутқа созылған тартысты ойында рейтингте 129 орында тұрған италияндық Джулио Зеппиериге - 0:6, 6:4, 6:4, 3:6, 5:7 есебімен ұтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу