Елена Рыбакина чемпиондық атаққа қол жеткізе ала ма?

140

Сарапшылар Аустралия ашық чемпионатының финалында кімнің жеңіске жететінін дөп басып айту қиын дейді. 

 Елена Рыбакина чемпиондық атаққа қол жеткізе ала ма? Фото: Getty Images

Australian Open - 2026 турнирінің әйелдер арасындағы жекелей финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко мен Елена Рыбакина кездеседі. Финалдық матч ертең, 31 қаңтарда Мельбурнде Қазақстан уақытымен 13:30-да басталады. 

Айта кетейік, спортшылар бұған дейін үш жыл бұрын Australian Open финалында жолыққан. Ол кездесуде жеңісті Арина Соболенко еншіледі. Алайда олардың соңғы матчында Елена Рыбакина басым түскен.

Қазіргі уақытта екі теннисші де бабында. Елена Рыбакина соңғы 20 матчтың 19-ында жеңіске жетіп, биылғы Australian Open турнирінде бірде-бір партияда жеңілген жоқ. Ширек финалда ол әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекті 7:5, 6:1 есебімен жарыс жолынан шығарса, жартылай финалда рейтингте алтыншы орында тұрған Джессика Пегуланы 6:3, 7:6 есебімен ұтты.

Бұл нәтиже Рыбакина үшін "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі үшінші финал. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде жеңіске жеткен, сондай-ақ 2023 жылғы Australian Open финалында жеңіліс тапқан. Сонымен қатар, аталған көрсеткіштер оның WTA рейтингінің алғашқы үштігіне қайта оралуын қамтамасыз етті.

Арина Соболенко 2026 жылғы маусымда әзірге жеңіліс көрмеген. Ол осы маусымда 11 матчтың барлығында 22 партияда жеңіске жетті. Мельбурндегі көрсеткіші де тұрақты. Соболенко төртінші рет қатарынан Australian Open финалына шығып отыр. Ол 2023 және 2024 жылдары чемпион атанса, 2025 жылғы финалда Мэдисон Кизге есе жіберген.

Екі теннисшінің өзара кездесулері 8:6 есебімен аздаған басымдық Арина Соболенко жағында.

Сарапшылар Рыбакина мен Соболенконың ойын деңгейі бір-біріне өте жақын екенін атап өтті. Сондықтан финал тартысты болмақ. Екі теннисші де жойқын соққыларымен ерекшеленеді. Осы факторларды ескере отырып, финалда екі теннисшінің де чемпиондық атаққа қол жеткізуге тең дәрежеде мүмкіндігі бар. Сондай-ақ финалдың нәтижесіне қарамастан Елена Рыбакина әлемнің 3 ракеткасы атанады. 

Айта кетейік, финалда жеңіске жеткен теннисші 2 793 365 доллар сыйақы мен 2000 рейтингтік ұпайға ие болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу