19-24 желтоқсан аралығында өткен жарыста төрт топқа ("Бүркіттер", "Сұңқарлар", "Қаршығалар", "Әуе жыландары") бөлінген, әлемнің ең мықты деген 18 ойыншысы өнер көрсетті. Рыбакина турнирде Александр Зверев, Доминик Тием, Анастасия Павлюченковалармен бірге Hawks командасында ойнады.
Уимблдон 2022 чемпионы бұл турнирде бірде-бір кездесуде жеңілмеген. Алдымен Елена әлемнің бесінші ракеткасы Арина Соболнконы, одан кейін планетаның төртінші ракеткасы Каролин Гарсияны ұтып, финалдық ойында WTA әлемдік рейтингінің көшбасшысы Ига Швентекті 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын Астана қаласындағы "Қазмедиа" орталығында спорт саласындағы жылдың таңдаулы жүлдесі – "Жеңімпаз рухы" ұлттық сыйлығының жеңімпаздары анықталды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы, Уимблдон-2022 турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина "Спорттағы жыл серпілісі" аталымы бойынша номинацияда үздік шықты.
"Жыл серпілісі" номинациясында маған дауыс бергендердің барлығына алғыс айтамын. Бұл ұлкен құрмет, аталған марапат мен үшін өте маңызды. Өкінішке орай, мен марапатты жеке ала алмадым, өйткені қазір Дубайда оқу-жаттығу жиынындамын және жақында Австралиядағы жарыстарда ойнау үшін сол жаққа жол жүремін. Бір жыл бойы маған қолдау көрсетіп, уайымдаған барлық қазақстандықтарға тағы да үлкен рахметімді айтқым келеді. Алдағы жылы да сіздерді жақсы нәтижелермен қуанта беремін деп сенемін. Номинациялар бойынша барлық жеңімпаздарды құттықтаймын, сәттілік пен бар жақсылықты тілеймін" - деді Елена Рыбакина.