Әлемнің 25-ші ракеткасы қазақстандық Елена Рыбакина Словенияның Порторож қаласында өтіп жатқан WTA 250 сериялы турнирінің жартылай финалында WTA рейтингінің 65-ші сатысында тұрған румын қызы Анна Богданды 6:1, 6:1 есебімен жеңді.
Финалдағы қазақстандық теннисшінің қарсыласы Катерина Синякова (Чехия) болмақ. Ол жартылай финалда Анна-Лена Фридзамнан (Германия) басым түскен болатын. Қазақстанның бірінші ракеткасы WTA турнирлеріндегі жекелей сында үшінші жүлдеге қол жеткізе ме, жоқ па оны бүгін жексенбі, 18 қыркүйекте Астана уақытымен 22:00 Порторождегі орталық кортта өтетін финалдық матчта білетін боламыз.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы осыған дейін Ұлыбритания ашық чемпионатының (Уимблдон-2022) жеңімпазы атанып, WTA турнирлерінде екі рет - 2019 жылы Бухарестте, 2020 жылы Аустралияның Хобарт қаласында өткен турнирде, сондай-ақЖекелей сында 6 WTA турнирлерінің финалында жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар жұптық сында еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилина спорттық мансабындағы 31-жеңісіне қол жеткізді. Ол украиналық Валерия Страховамен бірге Чехияның Яблонец-над-Нисоу қаласында өткен ITF W25 сериялы турнирінде жеңіске жетті. Данилина мен Страхова осы жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркеліп, сенімді түрде финалға дейін жетті. Онда оларға неміс қызы Лена Пападакис/чехиялық Анна Сискова қарсылас атанды. Матч 7:5, 6:1 есебімен аяқталды.
Чехиядағы чемпиондық атақ Данилина үшін Халықаралық теннис федерациясының (ITF) демеушілігімен жұптық сайыстағы мансабындағы 27-ші титул болды. Сондай-ақ қазақстандықтың WTA турларында иеленген үш жүлдесі бар: біреуі 2021 жылы (Польша WTA 250), екеуі 2022 жылы (Сидней WTA 500, Варшава WTA 250), сонымен қатар Анна жекелей сында бір ITF турнирінің чемпионы атанды. Осылайша қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Ермұхамед Мәулен