Әлемнің алтыншы ракеткасы, Уимблдон 2022 чемпионы Елена Рыбакина Римдегі WTA 1000 сериялы турнирінде қарсылас шақ келтірер емес. Жартылай финалдық кездесуде қазақстандық French Open 2017 турнирінің жеңімпазы, әлемнің 20-ракеткасы латвиялық Елена Остапенконы 6:2, 6:4 есебімен жеңді.
Турнирдің финалында Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы украиналық Ангелина Калининамен (WTA 47) сынға түседі. Шешуші кездесу бүгін сенбі, 20 мамырда Астана уақытымен 23:00-де басталады. Бұл Рыбакинаның биылғы маусымдағы WTA 1000 сериялы турнирлеріндегі үшінші финалы. Индиан-Уэллсте қазақстандық теннисші Арина Соболенконы жеңсе, Майамиде Петра Квитоваға есе жіберді.
Қазақстандық теннисші тарихта соңғы 50 жылда бір маусымда Аустралия ашық чемпионатының финалына, сондай-ақ Индиан-Уэллс, Майами және Римдегі WTA-1000 санатындағы турнирлердің финалына шыққан үшінші теннисші атанды. Бұған дейін тек екі спортшы ғана 1991 жылы америкалық Моника Селес және 2012 жылы ресейлік Мария Шарапова ғана осындай жетістікке жеткен болатын.
Айта кетейік, ерлер арасындағы турнирдің жүлде қоры 7,70 миллион еуроны (3,75 миллиард теңге), ал әйелдер арасындағы турнирдің жүлде қоры 3,57 миллион еуроны (1,74 миллиард теңге) құрайды. Былтыр жекелей сында сербиялық Новак Джокович пен польшалық Ига Швентек жеңіске жеткен болатын. Қомақты сыйақыдан бөлек жеңімпаз 1000 рейтингтік ұпай жинайды.