1 сағат 54 минутқа созылған ойында Рыбакина грециялық Мария Саккариге қарсы ойнап, 3:6, 7:5, 6:1 есебімен жеңіске жетті. ST. PETERSBURG LADIES TROPHY турнирінде Рыбакинаның алғашқы жетістігі екі жыл бұрын басталған болатын. Санк-Петербургте WTA сериялы турнирдің іріктеуіне өткен Елена алғашқы айналымда Тимея Бачинскиді жеңді. Ал одан кейін WTA рейтингінде 7-сатыда тұрған Каролин Гарсияны 4:6, 7:6, 7:6 есебімен жеңген болатын.
Ол кезде Ресей атынан өнер көрсетіп жүрген шақта ширек финалда өзіне қарсылас атанған неміс қызы Юлия Гергес жас теннисші қыз үшін өте мықты қарсылас еді. 2018 жылы Рыбакина Қазақстан құрамасына ауысып, екі жылға жетер-жетпес уақытта әйелдер теннис қауымдастығында шамамен екі жүзінші орыннан 25-орынға дейін бірақ көтерілді.
2019 жылдың маусым айында Рыбакина Бухарестте теннистен өткен ашық чемпионатта алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал биылғы жылы 13-18 қаңтар аралығында Аустралияның Хобарт қаласында өткен турнирде бас жүлдені алды. Содан кейін Аустралияның теннистен өткен ашық чемпионатында үшінші айналымға дейін жетті. Елена сол додада Әлемнің бірінші ракеткасы Эшли Бартиге жнңіліп қалды.
Биылғы жылы өтіп жатқан ST. PETERSBURG LADIES TROPHY турниріне қатысқаннан-ақ Рыбакина жеңіске басты үміткерлердің бірі болатын. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда Әлемнің 59-ракеткасы чехиялық Катерина Синякованы 6:3, 6:4 есебімен жеңді.
Екінші айналымда Әлемнің 58-ракеткасы, Фиона Ферроға қарсы ойнап, 6:3, 6:4 нәтижесімен жеңіске жетті. Жұма күні ол тағы бір француз қызын, яғни Әлемнің 159-ракеткасы Осеан Доденді 6:7, 7:5, 6:2 есебімен жеңіп, Санк-Петербургте өтіп жатқан турнирдің жартылай финалисі атанды.
Жартылай финалда Грекия өкілі Мария Саккариді жеңген Елена Рыбакина финалда нидерландиялық Кики Бертенске қарсы ойнайтын болады. Турнир 16-ақпан күні мәресіне жетпек.
Ермұхамед Мәулен