Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өткен Индиан-Уэллс WTA 1000 санатындағы беделді турнирдің финалында өнер көрсетті.
Шешуші кездесуде қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездесіп, тартысты ойында жеңіліп қалды. Шешуші сет нағыз теннис триллеріне айналды. Екі спортшы да жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, кезек-кезек басымдыққа ие болып отырды. Титулдың тағдыры матчтың ең соңында тай-брейкте шешілді. Үш сетке созылған матч 6:3, 3:6, 6:7 (6:8) есебімен Арина Соболенконың пайдасына аяқталды.
Финалға шыққаны үшін Рыбакина 612 мың доллар сыйақы және WTA рейтингінің 650 ұпайын иеленді. Осы нәтижесінің арқасында ол дүйсенбі күні ресми түрде әлемнің екінші ракеткасы атанады. Бұл қазақстандық теннисшінің мансабындағы ең үздік көрсеткіш.