Эр-Риядта маусымның қорытынды турнирінің жеребе тарту рәсімі өтті. Осылайша, 1-8 қараша аралығында әлемнің үздік 8 теннисшісі мен 8 жұбы сынға түседі.
Арина Соболенко маусым нәтижесіне қарамастан, биылғы жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайды.
Штеффи Граф тобы: Арина Соболенко, Кори Гауфф, Джессика Пегула, Жасмин Паолини.
Серена Уильямс тобы: Ига Швёнтек, Аманда Анисимова, Елена Рыбакина, Мэдисон Киз.
Жұптық сайыста Мирра Андреева – Диана Шнайдер дуэті дебют жасайды. Басты фавориттер қатарында Кудерметова – Мертенс, Синякова – Таунсенд және Олимпиада чемпиондары Эррани – Паолини бар.
2025 жылғы WTA Finals қорытынды турнирінің жалпы жүлде қоры жаңа рекорд орнатты. Сыйақы мөлшері 15,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Егер жеңімпаз турнирді жеңіліссіз аяқтаса, ол 5,07 миллион доллар табысқа ие болады.
Қатысушыларға тек қатысқаны үшін 331 000 доллар төленеді. Ал топтық кезеңде жеңіске жеткен теннисші 396 500 доллар, жартылай финалда жеңіс 1,183 миллион доллар, финалдағы жеңіс үшін қосымша 2,367 миллион доллар сыйақы алады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда көбірек. 2024 жылы Коко Гауфф турнирді жеңіп 2,5 миллион доллар, Чжэн Циньвэнь финалда жеңіліп 1,27 миллион доллар алған. Сол жылы топтық кезеңде жеңген ойыншылар 350 000 доллар, ал тек қатысқаны үшін 335 000 доллар алған.
Әр топтық ойындағы жеңіс спортшыларға 200 рейтингтік ұпай әкеледі. Финалға шығу – қосымша 400 ұпай, ал финалдағы жеңіс – 900 ұпай. Жалпы бұл турнирде барлығы 1 500 ұпайға дейін жинауға болады. Бұл теннисшілер үшін әлемдік рейтингтегі орнын жақсарту үшін тамаша мүмкіндік болмақ.