Елена Рыбакина Қазақстанға келді

1361

Таяуда еліміздің ең үздік теннисшісі WTA рейтингінде бірден екі саты жоғары көтеріліп, өзінің жеке рекордын орнатты.

Елена Рыбакина Қазақстанға келді

Ұзақ әрі қиынға соққан маусым аяқталғаннан кейін әлемнің 14-ші ракеткасы Елена Рыбакина Нұр-Сұлтанға үш күндік сапармен келді. Ол балаларға шеберлік сабағын өткізді. Елордадағы Ұлттық теннис орталығының тәрбиеленушілері Қазақстанның бірінші ракеткасымен теннис ойнауға мүмкіндік алды. Елена жас теннисшілермен жаттығу өткізді. Шеберлікті арттыру бойынша кеңестерімен бөлісіп, жас спортшылардың сұрақтарына жауап берді.

Содан кейін бірнеше фотосессияларға қатысып, бейнероликтерге түсті. Сонымен қатар телеарналар мен радиодағы тікелей эфирде өткен бағдарламаларға қатысты. Онда Рыбакина жаңа теннис маусымына арналған жоспарларымен бөлісті, Токио Олимпиадасындағы ойыны туралы әңгімеледі.

Сондай-ақ "Барыс" хоккей клубының жаттығуына қатысты. Рыбакина қақпашылар Никита Бояркин және Андрей Шутовпен бірге кішігірім челлендж өкізді. Ол теннис добымен қақпаға гол соғуға тырысты. Шабуылшылар Дмитрий Гурков пен Егор Петухов Еленаға 99 нөмірлі "Барыс" жейдесін сыйға тартты. Елена Қазақстанға сапарын қорытындылай келе, ең алдымен жас ойыншыларды көруге келгенін айтты.

"Мен ең алдымен жас ойыншыларды көруге келдім. Оларды теннис ойнауға жігерлендіргім келді. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа тенниске қолдау көрсетіп, дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ маусым бойы қолдау көрсеткен барлық қазақстандықтарға да алғыс айтамын", – деді Елена Рыбакина.

Айта кетейік, әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жариялаған әлемнің үздік теннисшілері рейтингісінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина өзінің жаңа рекордын орнатты. Ол өз мансабында алғаш рет 14-орынға көтерілді (2 855 ұпай). Бұған дейін оның ең үздік көрсеткіші 16-орын болатын. Қазіргі таңда WTA рейтингінде Аустралия өкілі Эшли Барти 7 582 ұпаймен көш бастап тұр. Арина Соболенко (Беларусь, 6 130) екінші сатыға жайғасса, Барбора Крейчикова (Чехия, 4 708) үздік үштікті толықтырды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу