Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (№10) Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан WTA 1000 сериялы турнирінің үшінші айналымына шықты. Екінші айналымда ол АҚШ спортшысы Кэти Макнеллиді (№90) жеңді.
Алғашқы сетте Рыбакинаға едәуір айырмашылықты қысқартуға тура келді. Алдымен Елена 1:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы есепті 2:1-ге жеткізді. Кейін қазақстандық спортшы қайтадан алға шықты – 3:2. Дегенмен америкалық теннисші тағы да қиындық туғызып, 5:3 есебімен алға шықты. Соған қарамастан, сет Рыбакинаның еншісінде қалды – 7:5.
Екінші партияда Елена бірнеше рет алға шыққанымен, басымдықты уыстан шығарып алды да, 4:6 есебімен ұтылды (америкалық теннисші 3:4 есебінен қайта оралды). Есеп 5:4 болған сәтте Рыбакина шынтағы ауыруына байланысты медициналық тайм-аут алды.
Шешуші үшінші сетте Рыбакина сенімді бастады – 3:0. Алайда кейін қарсыласынан қарсылық көргенімен, ақыры жеңіске жетті – 6:3. Ойын 2 сағат 28 минутқа созылды.
Үшінші айналымда, 29 қыркүйекте Рыбакина неміс теннисшісі Ева Лиске (№66) қарсы ойнайды. Ол тартысты матчта америкалық Ива Йовичті (№37) 6:3, 4:6, 7:5 есебімен тізе бүктірген болатын.
Айта кетейік, осы турнирде өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жекелей сында бірінші айналымда қытайлық Юань Юэге 6:3, 6:3 есебімен жол берді.