Отандасымыз (WTA рейтингінде 11-орын) Испанияның Мадрид қаласында өтіп жатқан турнирді сәтті бастады.
Екінші айналымда Елена Рыбакина канадалық Бьянка Андреескумен (WTA рейтингінде 132-орын) кездесіп, оны екі сетте сенімді түрде жеңді – 6:3, 6:2. Осылайша, турнирдің үшінші кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, бұл Мадрид турниріндегі Елена Рыбакинаның алғашқы кездесуі болды. Биылғы жарыстың жүлде қоры 7 854 000 еуроны құрайды. Жекелей сында жеңімпаз атанған спортшы 985 030 еуро көлемінде сыйақыға және 1000 рейтингтік ұпайға ие болады. Қазіргі чемпион – әлемдік рейтингте 2-орында тұрған польшалық теннисші Ига Швентек.
Бұған дейін Мадридтегі жекелей сайыстан Юлия Путинцева шығып қалды. Ол 1/32 финалда швейцариялық Ребека Масароваға 6:3, 6:3 есебімен жеңілді. Ал жұптық сында Анна Данилина жарысты бүгін бастайды.