Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты

835

Рыбакина 16 эйс жасап, 1/8 финалға шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Елена Рыбакина Майамидегі WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты Фото: Қазақстанның теннис федерациясы

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған америкалық Тейлор Таунсендпен бетпе-бет келді.

Бұл қос спортшының алғашқы кездесуі еді.

Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте Рыбакина брейкке қол жеткізіп, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте керісінше есеп 3:4 болғанда, қазақстандық теннисші қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды – 3:5. Дегенмен артынша өз қателігін түзеді – 5:5. Бірақ тай-брейкте Таунсенд сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияда Елена 2:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы алысқа ұзатқан жоқ – 2:2. Ақыры Рыбакина матчты брейкпен түйіндеді – 6:4.

Екі сағат 23 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 16 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Таунсенд 9 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, тағы бір америкалық Мэдисон Кизбен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингіде 43-орындағы қытайлық Синьюй Ванның мысын басты – 6:4, 7:6 (7:5).

Бұдан бұрын Индиан-Уэллс WTA 1000 додасында М.Кизді тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева оңай ұтқан еді – 6:4, 6:1.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Майамиде қытайлық Чжан Шуаймен бірге алғашқы айналымнан аса алмады. Олар жарыстың 8-ракеткалары, германиялық Лаура Зигемунд – тағы бір қытайлық Сюй Ифаньға жол берді – 6:7 (4:7), 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами мастерс турнирінде Бублик пен Шевченконың жарыс жолын аяқтағанын еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу