Әлемнің үшінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс турнирінің жартылай финалында украиналық Элина Свитолинаны 7:5, 6;4 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен кездеседі. Соболенко жартылай финалда чехиялық Линда Носкованы жеңген болатын.
Екі теннисші де турнир бойы тамаша ойын өрнегін көрсетіп келеді. Арина Соболенко әзірге бірде-бір сетте жеңілген жоқ және өз геймін небәрі екі рет берген. Ал Елена Рыбакина бір сетте жеңілгенімен, өз геймін он рет жоғалтқан.
Соболенко финалға дейін жақсы өнер көрсетсе де, дәл сол формасын сақтап, титулды міндетті түрде жеңеді деп айту қиын.
Әрине, Соболенко бірінен соң бірі финалда жеңіле беретін деңгейдегі спортшы емес. Дегенмен қазіргі статистика мен нәтижелерге сүйенсек, бұл кездесуде аздаған басымдық Рыбакина жағында. Сондықтан сарапшылар биыл чемпиондық атақ Елена Рыбакинаға бұйырады деген ойда.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 18,8 млн долларды (шамамен 9,4 млрд теңге) құрайды. Жеңімпаз 1,2 млн доллар (шамамен 585 млн теңге) сыйақы және 1000 рейтингтік ұпай алады.
Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні WTA рейтингі жаңартылған соң Елена Рыбакина польшалық Ига Швентекті артқа тастап, ресми түрде әлемнің екінші ракеткасы атанады. Бұл Қазақстан теннисі тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи жетістік. Ал, финалда жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық теннисшінің рейтингтік ұпайы әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға біртабан жақындайды.