Елена Рыбакина: "Мен кез-келген қарсыласқа дайынмын"

1462

Әйелдер арасында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бір аптадан астам уақыттан соң Токиода өтетін төртжылдықтың басты додасына қатысады.

Елена Рыбакина: "Мен кез-келген қарсыласқа дайынмын"

Теннис турнирі 24-шілде мен 1-тамыз аралығында өтеді. Қазақстандық теннисші жекелей сында барынша жақсы нәтиже көрсетуге ниетті.

"Мен қазір Олимпиадаға дайындалып жатырмын. Барымды салып жаттығудамын, жалпы дене шынықтыруға көп көңіл бөлудемін. Біраз әбігерге түскенімізбен, көптеген ережелерді сақтау керек. Мен қатысып жүрген WTA-дағы жарыстарымен салыстырғанда мүлде басқа жарыс болатын сияқты және бәрі қалай болатынын сол жаққа барғаннан кейін көреміз", - деді Елена Рыбакина Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған онлайн-конференция барысында.

Жапония астанасында өтетін теннис турнирі бір аптаға созылады. Рыбакина Ярослава Шведовамен бірге жекелей және жұптық сайыста сынға түседі. Сонымен қатар Токиода ауа температурасы жоғары болады деп күтілгендіктен Рыбакина ойындар кезінде қиындықтыар туындауы мүмкін екенін де жасырмады. Міне, сондықтан қазір "физикаға" баса назар аударылуда және екі күнде Токиодағы корттарға бірден үйренісіп кетуге тура келеді. Дегенмен, Елена қазақстандық теннисшілердің медаль алуға мүмкіндігі бар деп санайды.

"Менің ойымша, біздің Токиода медаль алуға мүмкіндігіміз бар. Қазақстанның теннисшілері өте көп болады. Мен Токиоға дайын екенімді білемін. Бірақ бейімделу процесінен өтуім керек", - деді еліміздің бірінші ракеткасы.

Айта кетейік, Елена Рыбакинадан басқа Токиода қазақстандықтардан жекелей сында Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Юлия Путинцева және Ярослава Шведовалар  өнер көрсетеді. Рыбакинамен бірге Шведова әйелдер арасында жұптық сайыста өнер көрсетсе, Бублик пен Андрей Голубевтер ерлер арасындағы жұптық сында ел намысын қорғайды.

Рыбакинаның айтуынша, соңғы екі жылдағы кәсіби турлар кезінде теннисшілер карантиндік шектеулерге үйреніп алған. Жаттығу немесе матчтан кейін спортшы бірден өз бөлмесіне барады. Сондықтан шектеулі режидегі өмір біреуге кері әсер етуі екіталай. Токиодағы корттардың беткі қабаты Олимпиададан кейін өткізілетін US Open-де қолданылатын төсеніш сияқты болады және Рыбакина мұны керемет деп санайды.

"Біз бұл төсенішті бұрыннан жақсы білеміз. Өйткені жасанды төсеніш сипаттамалары жағынан ерекшелігі жоқ. Оның үстіне, Олимпиададан кейін мен бірден штаттарға, АҚШ ашық чемпионатына барамын және бұл қазір екі ірі турнирге жақсы дайындалуға мүмкіндік береді. Олимпиадада жекелей сынға басты назар аударып отырмын. Бірақ Ярослава Шведова екеуміз жұптық сында мүмкіндігінше жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Менде Олимпиадада белгілі бір қарсыласқа қарсы кортқа шығу деген мақсат жоқ. Мен турнирге дайынмын. Жақсы ойын көрсетіп, мүмкіндігінше соңғы кезеңге дейін жетуге тырысамын. Әрине, әлемнің үздік 10 теннисшісі рейтингісіндегі  спортшыларды жеңгенің сенімділік береді (маусымда Рыбакина "Ролан Гарроста" әлемнің сегізінші ракеткасы Серена Уильямсты жеңген болатын). Бұл өте үлкен тәжірибе. Әсіресе бұрын осындай деңгейдегі ойыншылармен кездессең, тіпті тамаша. Бізге қолдау көрсеткен барлық қазақстандықтарға алғыс айтамын!", - деп Рыбакина сөзін түйіндеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу