Финалда Елена мен Тейлор Мэдисон Киз бен Томми Полды 10:4 есебімен жеңді.
"Бұл мен үшін ерекше сәт. Турнирге қатысу бақыты бұйырғанына өте қуаныштымын. Әрине, командаласыма және бізді қолдап келген көрермендерге үлкен алғысымды білдіремін. Бұл керемет шара болды. Чемпион атанғаныма өте қуаныштымын", – деді Рыбакина.
Сондай-ақ Тейлор Фритц Рыбакинаға алғысын білдіріп, турнирден алған әсерімен бөлісті:
"Бұл ғажап сезім. Турнирге әрқашан жеңіс үшін келесің. Еленамен ойнау өте қызықты болды. Ол керемет ойын көрсетті. Осы аптаны жеңіспен бастағанымызға қуаныштымын", – деді ол.
Айта кетейік, "Эйзенхауэр Кубогының" чемпиондары трофеймен қатар 200 мың АҚШ долларын алады. Дегенмен бұл қаражат кейін қайырымдылық мақсаттарға аударылады.
"Эйзенхауэр Кубогы" дәстүрлі түрде Индиан-Уэллсте өтетін "Мастерс" сериялы турнирінің алдында ұйымдастырылды.
Биыл Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінде жарысты екінші айналымнан бастайды. Онда оның қарсыласы Мария Боузкова (Чехия) мен Сюзан Ламенс (Нидерланды) арасындағы матчтың жеңімпазы болады. Аталмыш турнир 6-17 наурызы аралығында АҚШ-тың Калифорния штатындағы Индиан-Уэллс қаласында өтеді.