Қазақстанның үздік теннисшілері алғашқы айналымда сәтті өнер көрсетті.
Елена Рыбакина алғашқы матчында 18 жасқа дейінгі ITF Juniors рейтингінің көшбасшысы, америкалық Джульетта Пареханы (турнирге wild card арқылы қатысқан) 6:3, 6:0 есебімен айқын жеңді.
Кездесу 1 сағаттан сәл астам уақытқа созылды. Екінші айналымда Рыбакина чехиялық Тереза Валентовамен (WTA – 96) кездеседі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Елена Рыбакина US Open турнирінде сәтсіз өнер көрсетті. Алғашқы айналымда ол аустралиялық теннисші Дестани Айаваны (WTA рейтингінде – 168-орын) 6:1, 7:6 есебімен ұтты. Алайда екінші айналымда франциялық Джессика Поншемен (WTA – 129) кездесудің алдында денсаулығына байланысты жарыстан бас тартуға мәжбүр болды.
Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева (WTA – 55) да жарысты жеңіспен бастады.
Ол Италия өкілі Элизабетта Коччареттоны (WTA – 85) 6:4, 7:6 (7:4) есебімен ұтты. Енді Путинцева келесі кезеңде ресейлік Анна Калинская (WTA – 29) мен wild card иегері Клерви Нгунудың арасындағы кездесудің жеңімпазымен кортқа шығады.