Рыбакина жарысты екінші кезеңнен бастап, америкалық Хейли Баптисті (әлемдік рейтингте №50) 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Ол қарсыласына сенсация жасауға мүмкіндік берген жоқ. Кездесу 1 сағат 13 минутқа созылды. Елена 11 эйс жасап, 3 қос қателікке жол берді. Ал Баптист 3 эйс жасап, 4 қос қателік тіркеді.
31 шілде күні өтетін үшінші айналымда Рыбакина румын теннисшісі Жаклин Кристианмен (№52) кездеседі. Кристиан алдыңғы кезеңде чехиялық Линда Носковадан (№23) 6:3, 6:4 есебімен басым түсті.
Монреал турнирі – US Open алдындағы Солтүстік Америкада хард төсенішті корттарда өтетін маңызды жарыстардың бірі.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 5 152 599 АҚШ доллары, ал жеңімпазға рейтингтік ұпайлар мен қомақты сыйақы беріледі.
Жарыс Монреалда ашық хард корттарында өтіп жатыр. Турнир WTA 1000 сериясына кіреді және онда Ига Швентек, Арина Соболенко, Кори Гауфф сынды әлемдік теннистің жұлдыздары бақ сынауда.