Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA №5) Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан World Tennis Continental Cup көрме турнирінде швейцариялық Белинда Бенчичті (№11) жеңді. Кездесу Рыбакинаның пайдасына 6:3, 6:4 есебімен аяқталды. Бұл матч оның биылғы маусымдағы жекелей сындағы соңғы ойыны болды.
Бұған дейін турнир барысында Рыбакина польшалық теннисші Ига Швёнтекке (WTA №2) жол берген еді.
Шэньчжэньде Елена аралас жұптар сайысына да қатысады. Ол ресейлік теннисші Андрей Рублёвпен бірге Валантен Вашро (Монако) мен Ига Швёнтек (Польша) жұбына қарсы ойнайды.
2025 жыл Елена Рыбакина үшін мансабындағы ең табысты маусымдардың бірі болды. Ол Страсбург пен Нинбода өткен екі WTA 500 турнирінің чемпионы атанды. Сонымен қатар, Эр-Риядта өткен WTA Қорытынды турнирінде алғаш рет топ жарып, финалда әлемдік рейтинг көшбасшысы Арина Соболенконы (Беларусь) жеңді.