Әлемдік рейтингте 17 -орында тұрған Елена Рыбакина әлемнің 12-ракеткасы швейцариялық Белинда Бенчичпен болған кездесуде жеңіске жетіп, Чикагодағы турнирдің жартылай финалына шықты.
Турнирдің ширек финалы 6: 4, 3: 1 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталды. Ал Бенчич жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Қарсыластар кортта 1 сағат 10 минут уақыт сынға түсті. Елена барлық көрсеткіштер бойынша қарсыласынан басым болды. Осылайша Рыбакина Олимпиада ойындарының жартылай финалындағы жеңілісі үшін есе қайтарды.
Айта кетейік, Токиодағы Олимпиаданың жартылай финалында қазақстандық теннисші швейцариялықтан тартысты өткен үш сетте 6: 7 (2: 7), 6: 4, 3: 6 есебімен жеңілген еді.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы тунистік Онс Джабермен күш сынасады. Кездесу 2 қазаннан 3 қазанға қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 1:15-те басталады. Әлемнің ең үздік теннисгшілері қатысып жатқан Chicago Fall Tennis Classic турнирінің жүлде қоры 565 мың АҚШ долларын құрайды. 27 қыркүйек басталған турнир 3 қазан мәресіне жетпек.
Ермұхамед Мәулен