Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан "Ролан Гаррос" турнирінің ширек финалына шықты. 1/8 финалда украиналық Элина Свитолинадан айласын асырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
1 сағат 11 минутқа созылған ойында Елена 6:4 және 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде украиналық теннисші басым түскен еді. Соның ішінде Токио олимпиадасында қола жүлде үшін бәсекеде Свитолинаның бағы жанған-ды. Көп ұзамай басталатын Париж олимпиадасында да қос теннисші өз елдерінің намысын қорғауы тиіс.
Ширек финалда қазақстандық теннисші Элина Аванесян мен Ясмин Паолини арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолығады.