Елена Рыбакина: "Сабырлы болуға тырыстым"

729

"Уимблдон" турнирінің үшінші айналымында Елена корт қожайыны Кэти Бултермен кездеседі.

Елена Рыбакина: "Сабырлы болуға тырыстым"

Әлемнің үшінші ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина "Уимблдон" турнирінің екінші айналымындағы матчта француз Ализе Корнені жеңгеннен кейін кортта неліктен эмоциясын сирек көрсететінін айтты.

"Мен сабырлы адаммын. Эмоциямды көрсеткен кездесулер көп болған жоқ. Өзімді ұстауға тырысамын. Бұл кейде жақсы, кейде дұрыс емес. Айналада не болып жатқанын үнемі бақылап отыру керек. Бұл жай ғана менің мінезім дер едім. Ализе құлаған кезде не істерімді білмей, абдырап қалдым. Сол уақытта ішімде түрлі эмоциялар болды. Сабырлы болуға тырыстым", - деді Елена.

Естеріңізге сала кетейік, ертең, 8 шілдеде Рыбакина Уимблдонның үшінші айналымында өнер көрсетеді. Оның қарсыласы Ұлыбританиядағы ең мықты теннисші Кэти Бултер болмақ. Осы орайда Елена Лондонда трибунадағы жанкүйерлер Кэтиге қолдау білдіретінін және бұл жағдайға дайын екенін айтты.

"Екі сетте жеңіске жетіп, келесі айналымға өткеніме қуаныштымын. Әрине, бұл жолы көрермендер мен жақта болмайтынын түсінемін. Бірақ, жақсы матч болады және жұртшылыққа ұнайды деп үміттенемін", - деді Рыбакина.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық теннисші Александр Бублик үшінші айналымға жолдама алды. "Үлкен Дулыға" турнирінің алғашқы айналымында Маккензи Макдональдті, екінші айналымында Джеффери Вулфты тізе бүктірді. Ал бүгін отандасымыз неміс теннисшісі Максимилиан Мартерермен кездесу өткізуде. Александр бүгінгі кездесуде жеңіске жеткен жағдайда жеке рекордын жаңартпақ. Себебі теннисші 7 матч қатарынан жеңіске жетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу