Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирін сәтті бастады. Қазақстандық теннисші турнирдегі алғашқы кездесуін корт қожайыны, әлемнің 82-ракеткасы Варвара Грачеваға қарсы өткізді. 57 минутқа созылған кездесу екі сетте 6:2, 6:1 есебімен, Рыбакинаның сенімді жеңісімен аяқталды.
Айта кетейік, бүгін 10 ақпанда қазақстандық теннисшісі чех Тереза Мартинцовамен ширек финалдық бәсекеде өзара мықтыны анықтайды. Кездесу елорда уақытымен 16:00-де басталады.
Ал ерлер арасында Қазақстанның үздік теннисшісі Александр Бублик Голландияда өтіп жатқан беделді ATP-500 турнирінің екінші кезеңіне өте алмады. Осы жарыстың екінші айналымында Александр "Үлкен дулыға" турнирлерінің үш дүркін чемпионы британдық Энди Мюрреймен кездесті. Жекелей жарыстың алғашқы кезеңінде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы қазақстандықты оаңалықпен ұтқан жоқ. Қорытынды есеп – 7:6 (8:6), 6:4. Жеңіске жету үшін Эндиге екі сағат уақыт қажет болды. Ал Бублик үшін Роттердамдағы турнир аяқталды. Өйткені жұптық жарыс бойынша Бублик-Карацев дуэті турнирдің екінші айналымына қатысудан бас тартты.
Сонымен қатар қазақстандық теннисші Андрей Голубев Роттердамда өтіп жатқан ATP 500 турнирінің келесі кезеңіне өте алмады. Голубев Франция өкілі Эдуард Роже-Вассленмен жұп болып ойнады. Оларды үндістандық Рохан Бопанн мен канадалық Денис Шаповлов жұбы жеңді. Екі сетке созылған кездесу 3:6, 4:6 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қазақстандық спортшы жұптық жарыстар бойынша ATP рейтингінде 30-шы орында тұр.
Ермұхамед Мәулен