Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина америкалық Серена Уильямсты жеңіп, өз мансабында алғаш рет "Ролан Гарростың" ширек финалына шықты. Сонымен қатар ол Серена Уильямсты жеңген алғашқы қазақстандық теннисші. Бұған дейін америкалық 14 матчта қатарынан жеңіске жеткен.
1 сағат 20 минутқа созылған ойын 6: 3, 7: 5 есебімен Еленаның пайдасына аяқталды. Бұл 21 жастағы Рыбакина мен 39 жастағы кіші Уильямстің алғашқы кездесуі болды. Францияның ашық чемпионатында Елена 21-ші, ал Серена 7-нөмірмен өнер көрсетті.
Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін америкалық спортшы есепті қысқартқанымен, Рыбакина қайыра брейк жасап, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3.
Екінші партияны Елена брейкпен бастағанымен, тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестіріп үлгерді. Есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, қайта алға шықты. Бірақ өз геймінде қателікке жол берді – 4:4. Дегенмен есеп 5:5 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 7:5. Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына өтті.
Енді Рыбакина ресейлік Анастасия Павлюченковамен ойнайды. Бір қызығы Анастасия жұптық жарыста Еленаның серіктесі болып табылады. 31-ші нөмірмен өнер көрсететін ресейлік теннисші төртінші айналымда Беларуссия өкілі Виктория Азаренкадан 5: 7, 6: 3, 6: 2 есебімен басым түсті. Кездесу 2 сағат 9 минутқа созылды.
Ертең, 7-маусымда Рыбакина мен Павлюченкова америкалық Николь Меликар және голландиялық Деми Шурс жұбына қарсы "Ролан Гарростың" ширек финалына шығу үшін сынға түседі.
Ермұхамед Мәулен