Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

100

Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінде топ жарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің екі дүркін чемпионы атанды Фото: ҚТФ

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германиядағы Штутгарт турнирінде зор табысқа жетті. Шешуші финалдық бәсекеде отандасымыз чехиялық Каролина Мухованы екі сетте – 7:5, 6:1 есебімен қапы қалдырып, чемпиондық титулды иеленді.

Тартысқа толы өткен финалдық матч 1 сағат 18 минутқа созылды. Алғашқы сетте Мухова лайықты қарсылық көрсеткенімен, Елена шешуші сәтте ширақтық танытып, партияны өз пайдасына шешті. Екінші сетте Рыбакина кортта толық үстемдік құрып, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Ойын барысында Елена 3 эйс жасап, бірде-бір қос қателікке бой алдырмады және 8 брейк-пойнттың төртеуін сәтті жүзеге асырды.

Бұл – 26 жастағы теннисшінің WTA аясындағы жекелей сындағы 13-ші титулы. Айта кетейік, Елена Штутгарт корттарында осымен екінші рет топ жарып (2024 жылғы жеңісінен кейін), өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осы жеңісінен кейін Елена Рыбакина 2026 жылғы маусымның WTA чемпиондық бәйгесінде жеке-дара көш бастады. Қазіргі таңда отандасымыз 3983 ұпай жинап, биылғы маусымның ең үздік теннисшісі атанып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу