Елена Рыбакина: "Соңғы ұпайға дейін күрестім"

1838

Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бұрынғы әлемнің бірінші ракеткасы Анжелика Керберді жеңіп, кездесуден кейін журналистердің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында бүгінгі матчқа қатысты пікір білдірді.

Елена Рыбакина: "Соңғы ұпайға дейін күрестім"

Бүгін, 16 сәуірде германиялық теннисшіге қарсы өткен кездесуде Елена бірінші сетте жеңіліп қалғанымен, келесі екі кезеңде жеңіске жетті. Бұл Қазақстан құрамасына Билли Джин Кинг кубогінде Германияны мерзімінен бұрын жеңіп, финалға шығуға көмектесті.

- Матч өте қиынға соқты. Әрине, екеуміз де соңғы ұпайға дейін күресетінімізді түсіндім. Жүйкем сыр бере бастады, жалпы мүмкін болатынның бәрін мен алаңда сезіндім. Менің деңгейім жоғары және бұдан да жақсырақ ойнай аламын деп ойлаймын. Анжелика да дәл осылай айтуы мүмкін. Өйткені бұрын айтқанымдай, біз енді ғана құмдауыт төсеніште ойнауға көштік. Бүгін допты ойынға қосу кешегідей жақсы болған жоқ. Жалпы Анжеликаны жеңгеніме қуаныштымын.

- Бұл сіздің Анжеликамен өткізген алғашқы ресми кездесуіңіз бе? Менің білуімше Сіз онымен тек жаттығу барысында кездескен едіңіз.

- Біз хард төсенішінде өткен жаттығулар барысында екі жыл бұрын бір рет кездескенбіз. Әрине, бұл мүлде басқа. Бірнеше гейм ғана ойнадық. Бұл жаттығу бойынша талдау жүргізу қиын. Матч барысында бәрі мүлде бөлек. Әрқайсысы соңғы ұпайға дейін күреседі. Толқыныс та бар. Сондықтан жаттығуда кездескен мен матчта кездескен, бұл мүлде екі бөлек нәрсе.

- Кербермен кездесу барысында оның бұрынғы матчтарындағы ойыны мен бүгінгі ойыны арасында қандай да бір айырмашылықтар немесе күтпеген жағдайлар болды ма?

- Мен үшін ең бастысы қарсыластың жылдамдығын түсіну. Ойыншы туралы алдын ала білу мүмкін емес. Мысалы, мен алғаш рет Халеппен кездескенде ол мен жылдам ойнайтындықтан, және өзінің бойы ұзын болғандықтан ойын барысында тордың арғы жағындағы жағдайды сараптау қиын екенін айтты. Мұны теледидардың экранынан байқау мүмкін емес. Жалпы, әрбір ойынға арналған жоспарым болады. Мен ылғи бапкермен сөйлесемін. Сараптама жасаймыз. Бірақ ойын барысында бұл жоспардың барлығын орындай аламын ба деген сұрақ туындайды. Матч барысында ол жоспардан бөлек толқыныс сезімі де болады. Әрине, дұрыс соққы жасай алмаған кезде басқа тактикаға көшесің.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Германияны жалпы есеппен 3:0 есебімен жеңіп, турнирдің финалдық кезеңіне шықты. Бір күн бұрын Керберді жеңген Юлия Путинцева командасына алғашқы ұпай әкелсе, одан кейін Рыбакина Лаура Зигемундтан басым түсті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу