Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Францияның Страсбург қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің финалына жолдама алды. Бұл оның 2025 жылғы алғашқы финалы.
Жартылай финалда әлемнің 12-ракеткасы Рыбакина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен (WTA №23) кездесіп, 7:6(7), 1:6, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Матч 2 сағат 46 минутқа созылды. Үшінші сетте 0:2 есебімен артта келе жатқан Рыбакина қатарынан алты гейм ұтып, шешуші кезеңде жеңісті жұлып әкетті.
Финалда Рыбакина ресейлік Людмила Самсоновамен (WTA №19) кездеседі. Самсонова жартылай финалда америкалық Даниэль Коллинсті 6:4, 6:2 есебімен жеңіп, финалға шықты.
Рыбакина мен Самсонова бұған дейін бес рет кездесіп, олардың төртеуінде Самсонова жеңіске жеткен. Алайда соңғы кездесуде, 2024 жылы Абу-Дабиде өткен жартылай финалда, Рыбакина үш сетте Людмиланы тізе бүктірген.
Бұл финал — Рыбакина үшін маусымдағы алғашқы титулды жеңіп алу мүмкіндігі. Ол соңғы рет 2023 жылы чемпиондық атаққа қол жеткізген.
Финал бүгін, 24 мамыр Қазақстан уақытымен 17:00-де басталады. Жеңімпаз 87 825 еуро көлемінде жүлде мен 325 рейтингтік ұпайға ие болады.
Бұл турнир — “Ролан Гаррос” алдындағы соңғы дайындық кезеңі. Франция ашық чемпионаты 26 мамырда басталады.