Елена Рыбакина теннис жұлдыздары қатарына кірді

2143

Sportsmole.co.uk басылымы қазақстандық Елена Рыбакинаны Әлемнің он үздік теннисшісі қатарына қосты.

Елена Рыбакина теннис жұлдыздары қатарына кірді

Sportsmole.co.uk Рыбакинаның жетістіктерін былтыр тамаша нәтижелерге қол жеткізген канадалық теннисші Бьянка Андреескумен салыстырды. Өткен жылы Бьянка 19 жасында Әйелдер теннис қауымдастығының рейтингінде (WTA) 4-орынға дейін көтерілген болатын. Сонымен қатар ол Үлкен Дулыға турнирлерінің бірі – Америка Құрама Штаттарының ашық чемпионатын жеңіп алды. 

"2019-жылғы Андреескудің жетістіктері мен Рыбакинаның арасында ұқсастық бар. Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген теннисші қыз 36-орыннан 17-орынға дейін көтерілді. WTA Tour-ды жеңіп, үш мәрте финалға дейін жетті. Өткен айда Дубайда София Кенин мен Каролина Плишкованы ұтты", - деп атап өтті Sportsmole.co.uk.

Аталған басылымның Андрееску мен Рыбакинаны салыстыруының тағы бір себебі канадалық теннисші Әлемдік рейтингте ТОП-10 деңгейіне дейін жетіп, қазіргі таңда 6-сатыда тұр. Ол өз рейтингін ұзаққа сақтап қалды. Ал, Рыбакина 17-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш Елена үшін де, қазақстандық теннисшілер үшін де рекордтық нәтиже.

Осыған дейін мұндай көрсеткішке қазақстандық теннисшілерден 2012-жылы 25-орынға шыққан Ярослава Шведова ғана қол жеткізген. Шведова еліміздің атынан өнер көрсетіп жүрген теннисшілер арасынан жұптық сайыста Үлкен Дулығаның екі турнирінде жеңіске жеткен жалғыз спортшы. Таяуда Ярослава Шведова Миланнан Нұр-Сұлтанға ұшу барысында самолеттегі жолаушылардың бірінен коронавирус табылған. Енді ол қазіргі таңда үй жағдайында 10 күндік карантинде отыр.

Коронавирус пандемиясы теннис әлеміне де әсер етпей қоймады. Наурыз айының ортасында Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) және Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) барлық турнирлері 8-маусымға дейін өтпейтіні белгілі болды. Осы уақыт аралығында барлық рейтингтер еш өзгеріссіз сақталып тұрады. Осылайша, әйелдер және ерлер арасында  Мадрид пен Римде өтуі тиіс турнирлер, Страсбургте (Франция) WTA-дің барлық турнирлері және тағы да басқа жоспарланған жарыстар уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ Үлкен Дулығаның осы маусымдағы екінші турнирі, теннистен Францияның ашық чемпионаты 18-мамыр мен 7-маусым аралығында өтуі керек еді. Енді аталған турнирлер биыл күзде өтеді деп жоспарланып отыр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу