Елена Рыбакина Токиодағы турнирдің ширек финалында ойнаудан бас тартты

289

Рыбакина 30 қазанда канадалық Лейла Фернандеспен кездесуі керек еді.

Елена Рыбакина Токиодағы турнирдің ширек финалында ойнаудан бас тартты Фото: WTA

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мойнындағы жарақатына байланысты Токиода (Жапония) өтіп жатқан WTA 500 турнирінің ширек финалындағы кездесуінен бас тартты. Бұл туралы WTA хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Рыбакина 30 қазанда канадалық Лейла Фернандеспен кездесуі керек еді. Алайда әлемнің бірінші ракеткасы матч басталмай тұрып жарыстан шығатынын мәлімдеді. Осылайша, әлемдік рейтингте 23-орында тұрған Фернандес жартылай финалға жолдама алды.

"Құрметті жанкүйерлер, өкінішке қарай, келесі матчқа қатыса алмайтынымды хабарлауға мәжбүрмін. Мойнымда қабыну мен ауырсыну пайда болып, бұл өз деңгейімде ойнауыма кедергі келтіріп отыр. Мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ. Мен бұл турнирде ойнағанды жақсы көремін және жанкүйерлердің ерекше қолдауын әрдайым бағалаймын. Келесі жылы осында қайта ораламын деп үміттенемін. Түсіністік танытып, қолдағандарыңыз үшін рақмет", – деп жазды қазақстандық теннисші.

Еске салайық, Рыбакина бұған дейін турнирдің екінші айналымында отандасы Юлия Путинцеваны 6:2, 6:3 есебімен жеңген еді. Осы жеңісінен кейін ол мансабында алғаш рет жыл соңындағы WTA рейтингінің көшбасшысы атанатынын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.

Ал жартылай финалда Лейла Фернандес өзбекстандық Камилла Рахимовамен кездеседі. Рахимова ширек финалда австралиялық Майя Джойнтты 7:5, 5:7, 6:1 есебімен жеңген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу