Бүгін, 8 қазанда Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 9-орында тұрған Елена Рыбакина Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан ірі турнирдегі алғашқы матчын өткізеді.
Рыбакина екінші айналымда әлемдік рейтингтің 48-ші сатысындағы румыниялық Жаклин Кристианмен кездеседі. Ойынның тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 17:10-да басталады.
Кристиан алғашқы айналымда америкалық Маккартни Кесслерді (№33) үш сетте ұтты – 6:7 (6:8), 6:0, 6:3.
Айта кетейік, Еленаның басты қарсыластарының бірі Арина Соболенко US Open турниріндегі тарихи жеңісінен кейін араға шамамен бір ай салып кортқа қайта оралды. Әлемнің бірінші ракеткасы бұл жарыста былтырғы титулын қорғауы тиіс. Дегенмен, ойын тәжірибесінің аздығы мен қарсыластарының мықтылығын ескерсек, бұл оңай болмайтыны анық.
Ухань кортында жалпы сегіз теннисші топ-10 қатарынан өнер көрсетеді. Оның ішінде әлемдік рейтингтің алғашқы бестігі түгел қатысады: Соболенко, Ига Швентек, Кори Гауфф, Аманда Анисимова және Мирра Андреева.
Турнирдің жүлде қоры – 3,65 млн доллар. Жекелей сында жеңімпазға 596 мың доллар және 1000 рейтингтік ұпай беріледі. 6-қазан күні басталған жарыс 12-қазанға дейін жалғасады.