Елена Рыбакина Уимблдон чемпионы!

1693

​Теннис тарихында тұңғыш рет Қазақстан спортшысы "Grand Slаm" жарысын жеңді.

Елена Рыбакина Уимблдон чемпионы!

Бірінші сетте есеп 1:1 болған соң Елена Рыбакина өз геймін жеңе алмай қалды. Алғашқы брейкті жасаған Онс Жабер қатты қуанды. Ол шабыттанып одан кейін де сәтті қадамдар жасады. Ал Ленаның ойыны мүлде жүрмеді. Тіпті, өз геймін алуының өзі қиындап кетті. Дегенмен әупірімдеп жүріп өзіне тиесілі геймдерді алып отырды. Есеп 5:3 болып тұрған кезде қазақстандық теннисші қатты қобалжып, болмашы жерден қателесе бастады. Кортқа шығып, смэш соққысын жасай алмай қалды. Кейіннен допты ойынға қосу барысында қателік жіберді. Өз геймінде ешқандай ұпай алмай, бірінші сет 6:3 нәтижесімен аяқталды.

Екінші сетті Онс Жабер бастады. Алғашқы геймде туннистік теннисші жақсы ойнап кеткен Рыбакинаның іс-қимылдарына төтеп бере алмады. Брейк жасаған отандасымыз алғашқы соққыларына сенім арта бастады. Бірінші сетте оның алғашқы соққыларының пайдалылық көрсеткіші небәрі 19 пайызды құраған еді. Кейіннен Жабер Рыбакинаны қайта-қайта торға шақыра берді. Соққыларды қысқартып тастап, қитұрқы әрекеттерге барды. Алайда бірнеше қателіктен кейін қазақстандық теннисші бұл айлаға қарсы әрекет ойлап таба бастады.

2 сеттің 6 геймінде ғана Рыбакина алғашқы эйсін жасады. Соның салдарынан есеп 5:1 болды. Екінші сетті Рыбакина жеңетіні осы тұста түсінікті болды. Одан кейін тағы бір эйс жасап Елена екінші сетті 6:2 есебімен жапты. Барлығы да шешуші үшінші сетке қалды. Ал сол үшінші сетті Елена Рыбакина брейк жасаумен бастады. Одан кейін барлығы өз қалпымен жүре берді. Ол аз болғандай, Онс Жабердің соққысын қайтарып, тағы бір брейк жасады. Есеп 5:2 болып, Рыбакина сетке соққы жасай бастады. Шешуші геймде Жабер қолдан келгеннің бәрін салды. Алайда қазақстандық теннисші есепті 6:2-ге жеткізді.

Қазақстан теннисінің тарихында "Үлкен Дулыға" жарысын жеңген теннисші әлі бола қойған жоқ еді. Қазақстан атынан шығып Уимблдон додасын ұтқан алғашқы теннисші Елена Рыбакина болып, тарихқа енді. Осы жеңісінің арқасында ол 1 млрд 145 миллион теңге көлемінде сыйақы жеңді.

Ермұхамед Мәулен