"Үлкен дулыға" жарысының 18-ракеткасы болып тіркелген, өткен айда 22-ге толған қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, америкалық, 28 жастағы Шелби Роджерспен шеберлік байқасты. Бұған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Өткен жылы US Open додасында Роджерс 7:5, 6:1 есебімен ұтса, екі апта бұрын Рыбакина Берлинде есе қайырған еді – 2:6, 6:3, 6:4.
"Уимблдонда" үшінші айналымда америкалық спортшы күтпеген жерден әлемнің 18-інші, осы турнирдің 15-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді 7:5, 6:4 есебімен ұтып кеткен еді. Бірінші партияда қос брейк жасаған Елена қарсыласын қиналмай жеңді – 6:1. Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, өз геймін де ала білді – 4:2. Содан кейін матчты эйспен бітірді – 6:4. Бір сағат 6 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 8, қарсыласы бір ғана эйс жасай алды. Қазақстандық теннисші 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Осылайша Рыбакина "Уимблдон" додасында алғаш рет өнер көрсеткеніне қарамастан, төртінші айналымына шығып отыр. Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің төртінші, осы жарыстың 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен таласады. Ол дүниежүзілік рейтингте 94-сатыда тұрған колумбиялық Мария-Камила Осорио Серраноны 6:0, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Сонымен қатар Рыбакина жұптық сында да өнер көрсетуде. Ол бүгін ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге Елена Веснина/Вероника Кудерметова (Ресей) дуэтімен кездеседі.
Ал ерлер арасындағы жұптық сында қазақстандықтар Александр Бублик/ Александр Недовесов турнирдің алғашқы айналымында бразилиялықтар Рафаэль Матос пен Тиаго Монтейроға есе жіберді - 4: 6, 6: 3, 12:13. Осылайша, ерлер арасындағы жұптық сында Андрей Голубев Қазақстанның жалғыз өкілі болып қалды. Ол бейсенбі күні голландиялық теннисші Робин Хасемен бірге 1-кезеңде Марсело Демолинер (Бразилия)/Сантьяго Гонсалес (Мексика) жұбын үш сетте де, 6:7 (6:8), 6:4, 6:4 есебімен жеңген болатын.
Ермұхамед Мәулен