Елена Рыбакина "Үлкен дулығада" сенсация жасауы ықтимал

1758

Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы Уимблдон додасының кезекті айналымына шықты. Отандасымыз осы жарысты жеңіп кетуі де ғажап емес.

Елена Рыбакина "Үлкен дулығада" сенсация жасауы ықтимал

Ұлыбритания астанасы Лондонда өтіп жатқан ашық біріншілікте Қазақстан атынан сынға түсіп жатқан Елена Рыбакина кезекті қарсыласын жеңді. Екінші айналымда теннисшіміз Бьянка Андрескумен кездесті. Әлемнің 59-ракеткасы Андреску өте мықты қарсылас еді. Себебі ол кезінде US Open 2019 додасын жеңген. Алғашқы сетте екі спортшы да өз соққыларында ұпайдан шашау шығармай келді. Алайда бір брейктің арқасында Рыбакина сетті 6:4 есебімен жеңді.

Екінші сет тіпті тартысты өтті. Қарсыластар бір-бірінің осал тұсын таба алмай есеп 6:6 болды. Мәселені тай брэйкте шешу қажет болды. Бұл тұста алғашқы соққысы мығым келетін қазақстандық теннисші қыз басымдылық көрсетті. Есеп 7:6, Рыбакина жеңіске жетті. Елена жалпы 2022 жыл басталғалы бері 33 матч өткізіп, сонда 168 эйс жасапты. Бұл күллі әлем бойынша бірінші көрсеткіш. Яғни, бірінші соққымен бірден ұпай алу тұрғысында оған әзірге тең келер ешкім жоқ деген сөз.

1 сағат, 39 минутқа созылға ауыр матчта отандасымыз 4 мәрте допты ойынға қосудан қателесті. Сонымен бірге, ол 9 ұпайды қатарынан жеңіп, 4 геймде тек қана жеңіс тіркеп отырды. Енді төртінші айналымға өту үшін ол қытайлық теннисші Чжен Цинвенмен ойнайды. Ол әлемдік рейтингте қазір 52-орында тұр. Бұл сайыстың ережесіне сәйкес екінші айналым 1/32 финал деп қарастырылады. Алғашқы кездесуінде Елена Рыбакина америкалық Коко Вандевегеден басым түскенін естеріңізге сала кетейік.

Қазақстандық теннисшілерден бұл жарыста Александр Бублик пен Александр Недовесов бар екенін айта отырайық. Бублик 1 шілде күні жарыс жолына қайта шығады. Оның қарсыласы америкалық теннисші – Фрэнсис Тиафо. Ал Недовесов болса пәкістандық әріптесімен бірге жұптасу бәсекесіне қатысады. Жалпы қазақстан атынан қатысқан теннисшілер арасында Михаил Кукушкин мен Юлий Путинцевалар да болған. Алайда олар алғашқы айналымдардан ары аса алмады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу