– Елена, Қазақстан намысын қорғауға тағы да бекініп отырсың. Қандай көңіл-күйдесің?
– Көп рахмет. Брисбен – мен үшін ерекше қала. Өткен жылы осындағы турнирде жеңімпаз атандым. Әрине, маусым ортасында Аустралияға келу қолайлы емес. Өйткені Еуропада топырақ төсенішіндегі жарыстар басталды, ал мұнда хардта жүрміз. Дегенмен ұлттық құрама сапында ойнау мен үшін абырой, жақсы өнер өрнегін көрсетуге тырысамыз.
– Жекелей сында кортқа шыққан жағдайда бұл сен үшін Қазақстан құрамасындағы 10-шы кездесу болмақ. Бұл меже қаншалықты маңызды?
– Шынымды айтсам, мұны білмеппін. Бірақ, әрине, бұл көрсеткіш ұнайды. Мен Қазақстан сапында халықаралық аренада үнемі өнер көрсетуге бейілдімін. Біздің кестеміз оңай емес, алайда құрама үшін ойнауға мүмкіндік туған кезде оны мүлт жібермеуге тырысамын. Ел намысын қорғау – қашанда құрмет.
– Қазақстан құрамасы ертең Аустралиямен, бір күннен кейін Колумбиямен кездеседі. Команданың мүмкіндігі қандай деп ойлайсың?
– Бізде жеңіске жету үшін толық мүмкіндік бар. Додаға жақсы дайындалдық. Өзімізге сенеміз.
– Матч алдында жанкүйерлерге не айтар едің?
– Бізді қолдаңыздар! Сіздердің қолдауыңыз өте маңызды. Біз өз тарапымыздан сіздерді қуантып, жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
– Әңгімеңе рахмет! Сәттілік тілейміз.