Рыбакина жекелей сында 2022 жылы Уимблдонда жеңімпаз болса, Радукану 2021 жылы АҚШ ашық чемпионатында үздік шыққан еді. Алайда олардың екеуі де жұптық сында сирек өнер көрсетеді.
Бұл жолы Рыбакина – Радукану алғашқы айналымда осы жарыстың 4-ракеткалары, словакиялық Тереза Михаликова – тағы бір ұлыбританиялық Оливия Николлспен шеберлік байқасты.
Матчты фаворит болып есептелген словакиялық-ұлыбританиялық жұп сәтті бастады – 6:2.
Дегенмен екінші сетте Рыбакина – Радукану тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (7:4). Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 11:9.
Бір сағат 53 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық-ұлыбританиялық жұп 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Михаликова – Николлс 2 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, күтпеген жерден ширек финалға шыққан Елена Рыбакина – Эмма Радуканудың келесі қарсыластары кейін анықталады.