Елена Рыбакина жарақат алды

1516

Соңғы қатысып жатқан турнирлерінде Елена қарсыластарына есе жіберіп, әлемдік рейтингте 3 саты төмен түсті.

Елена Рыбакина жарақат алды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 25-орын) Таллинде (Эстония) өтіп жатқан турнирге қатысудан бас тартты. Оның басты себебі Еленаның жарақат алуы болды. Бірақ жарақатының қаншалықты ауыр екені әлі белгісіз. Рыбакина бірінші айналымда Лаура Зигемундпен (175-орын) кездесуі керек еді. Енді қазақстандық теннисшінің орнына Швейцария өкілі Джилл Тейхман (31-орын) шығады.

Еске салайық, Елена Рыбакинаның соңғы турнирі Токиодағы (Жапония) жарыс болды. Онда қазақстандық теннисші бірінші айналымда-ақ ресейлік Людмила Самсоновадан (30-орын) жеңіліп қалған болатын. Самсонова ақыры сол турнирдің жеңімпазы атанды.

Таллинде (Эстония) 26 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтетін турнирдің жеребе тарту рәсімі аяқталды. Осы турнирде әлемнің үшінші ракеткасы, жергілікті теннисші Анетте Контавейт көш бастап тұр. Бірінші айналымдағы кездесуде ол қытайлық Сию Вангпен кездеседі. Екінші орын 2020 жылғы Олимпиада чемпионы швейцариялық Белинда Бенчичке тиесілі. Жарыс басында ол эстониялық Елена Малыгинамен (ДК) ойнайды. Рыбакина алтыншы нөмірмен тіркелген болатын.

Сонымен қатар WTA жекелей және жұптық жарыстар бойынша әлемдік рейтингті жаңартты. Рейтингте поляк спортшысы Ига Свионтек бірінші орында қалды, екінші қатарда тунистік Онс Жабер, испаниялық Паула Бадоса үшінші орынға көтерілді. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үш позиция жоғалтып, 25-ші болды. Юлия Путинцева бір саты төмен түсіп, 42-орынға тұрақтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу