Елена Рыбакина жарыстан шығып қалды

1947

Енді Аустралия ашық чемпионатында тек үш қазақстандық теннисші қалды.  

Елена Рыбакина жарыстан шығып қалды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатын күтпеген жерден мерзімінен бұрын аяқтады. Жарыстың екінші айналымында Елена қытайлық Шуай Чжанмен кездесті. Бірінші сетте қытайлық теннисші 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші сетте есеп Шуайдың пайдасына 0:1 болғанда, Елена жарысты одан әрі жалғастырудан бас тартты. Кездесу небәрі 43 минутқа созылды.

Айта кетейік, бұған дейін Рыбакина отандасы Зарина Дияспен кездесіп, 6:7, 7:6. 6:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда ойыннан кейін Елена бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін айтты.

"Матч расымен де өте қиын болды. Бірінші сетте де, екінші кезеңнің басында да жақсы ойнадым деп айта алмаймын. Бейімделу өте қиын болды. Қатты жел соқты, корттар айтарлықтай ашық екен. Мен бұрын Аделаида мен Сиднейде ойнаған барлық матчтар жартылай жабық кортта өтті. Бірақ мұнда доп жылдам ұшты, бақылау қиын болды. Ал екінші сеттің соңында күтпеген жерден аяғымда сары су жиналған жара пайда болды. Содан кейін аяғымды баса алмадым. Матч өте қиынға соқты", – деді Рыбакина Eurosport арнасына берген сұхбатында.

Жарақаты бүгін қиындық тудырса керек, Елена жарысты екінші кезең басталғаннан кейін тоқтатты. Жалпы бұл кездесудің айқын фовориті қазақстандық теннисші болатын. Себебі ол бұған дейін қытайлық теннисшімен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жеткен.

Ал Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. Недовесов пәкістандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 7-ракеткалары, франциялықтар Николя Маю – Фабрис Мартенмен өткізді. Тартысты өткен матч тағдыры үшінші сетте шешілді. Қазақстандық-пәкстандық жұп 7:6 (7:1), 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Недовесов пен Куреши 2 сағат 29 минутқа созылған бәсеке барысында 11 эйс жасап, үш брейкке қол жеткізді. Енді олар екінші айналымда тағы бір қазақстандық Александр Бублик – Польша өкілі Ян Зелински немесе америкалық Маркос Хирон – оңтүстік кореялық Сун Ву Квон жұптарының жеңімпазымен кездеседі.

Николя Маю тағы бір франциялық Пьер Эрбермен бірге өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің финалында қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубевті ұтып, чемпион атанған болатын.

Сонымен қатар жұптық сайыста өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық теннисші де жарысты орта жолдан тоқтатты. Андрей Голубев пен хорватиялық Франко Шкугор бірінші сетте қарсыластары аустралиялықтар Ли Ту мен Дэйн Суинидің пайдасына есеп 2:5 болғанда, сайысты жалғастырудан бас тартып, кездесуді аяқтай алмады.

Александр Бублик жұптық сайыста польшалық Я. Зелинскимен бірге М. Жирон (АҚШ)/С. Квон (Корея) жұбына 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады. Нәтижесінде Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілерден Анна Данилина (жұп), Александр Недовесов (жұп) және Андрей Голубев (микстте) жалғастыратын болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу