Елена Уимблдонда Кэти Бултерді тізе бүктірді

699

Отандасымыз Уимблдон турнирінің үшінші айналымында Ұлыбританияның ең мықты теннисшісін 6:1, 6:1 есебімен еш қиындықсыз жеңді. 

Елена Уимблдонда Кэти Бултерді тізе бүктірді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты. Лондонда өткен жылғы атағын қорғап жатқан қазақстандық теннисші үшінші айналымда Ұлыбританияның бірінші, әлемнің 89-ракеткасы Кэти Бултермен шеберлік байқасты. Бұл қос спортшының алғашқы кездесуі еді. Бултер өз елінде өнер көрсетіп жатқандықтан, барын салатыны әрі жергілікті жанкүйерлердің оны жақтайтыны түсінікті болатын. Лондонда тағы да жаңбыр жауғандықтан, орталық корттағы матчтың өзі уақытынан әлдеқайда кешігіп басталды.

Бірінші партияда брейк жасаған Елена 3:1 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Сосын өз геймін қиналмай алды – 6:1. Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры матчты кезекті брейкпен тәмамдады – 6:1. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен кездеседі. Ол осы жарыстың алғашқы айналымында қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваны (No56) 3:6, 6:0, 6:4 есебімен жеңген болатын. Ал Рыбакина мен Хаддад-Майя бұған дейін екі кездесу өткізді. Абу-Дабиде (БАӘ) Беатрис үш сетте – 3:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетсе, Штутгартта (Германия) қазақстандық 1:6, 1:3 есебімен матчтан шығып қалды. Сондықтан Хаддад-Майя Елена үшін осал қарсылас деп айта алмаймыз. Дегенмен Елена Рыбакина чемпиондық атағын қорғап қалу үшін барын салары анық. Кездесу дүйсенбі, 10 шілдеде өтеді.

Айта кетейік, жарыстың 1/8 финалына шығы арқылы Еленаға 180 рейтингтік ұпай мен 207 мың еуро жүлде алады (100,4 млн теңге). Бұған дейін ерлер арасында турнирдің төртінші айналымына Александр Бублик (No26) шыққан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу