Елена жартылай финалға шықты!

1794

Әлемге аты мәшһүр "Уимблдон" жарысының жартылай финалына Қазақстан теннисшісі шықты. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болмаған еді.

Елена жартылай финалға шықты!

Елена Рыбакина спорттық мансабында алғаш рет "Үлкен дулыға" турнирінің жартылай финалына шықты. "Уимблдонның" ширек финалында Қазақстанның бірінші ракеткасы аустралиялық Айла Томляновичті (әлемдік рейтингте 44-орында) 1 сағат 51 минутта 4:6, 6:2, 6:3 есебімен ұтты.

Бірінші сетте Айла Томлянович бір брейк жасап, басымдылыққа қол жеткізді. Ал екінші сетте қазақстандық теннисші 2:0 есебімен алға шығып, жағдайды теңестіруге тырысты. Алайда Айла айлакерлік көрсетіп, брейк жасап, таразы басын теңестіріп кетті. Бірақ одан кейін Рыбакина бар күшін қолына алып, жойқын соққыларға кезек берді. Соның нәтижесінде екінші сетте жеңіске жетті. Есеп 6:2.

Сеттер бойынша есеп 1:1 болған соң жартылай финал жолдамасы үшінші, шешуші сетке келіп тірелді. Үшінші сет Елена үшін тамаша басталды. Бірінің артынан бірін геймдерді өз еншісіне жазып, 3:0 басымдылығын жасап алды. Осы сенімділігін Лена матч соңына дейін ұстап отырды. 6:2 есебімен үшінші сетті алған қазақстандық теннисші жартылай финалға жолдама алды. Жалпы осы жарыс барысында Рыбакина қарсыластарына бірде бір сет бермеген еді. Бұл жолы аустралиялық қарсыласы бір сет жеңіп кетті.

Жартылай финалда Рыбакина румыниялық теннисші Симона Халеппен (әлемдік рейтингте 18-орында) кездеседі. Ол 1 сағат 5 минутта америкалық Аманда Анисимованы (әлемдік рейтингте 25-орында) – 6:2, 6:4 есебімен ұтты. Әлемнің экс-бірінші ракеткасы өз мансабында үшінші рет Уимблдонның жартылай финалына шықты. Ал 2019 жылы Халеп турнирдің чемпионы атанған болатын.

Елена Рыбакина Симона Халеппен Дубайдағы ашық турнирде кездескен еді. "Дубай дюти фри" жарысының финалында румыниялық теннисші Рыбакинадан басым түскен болатын. Енді міне, отандасымызға есе қайтаратын тамаша мүмкіндік туып тұрғандай.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу