Еленаны езгіде ұстаған есерсоқ бапкер

556

Стефано Вуковтың ісіне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Психологиялық зорлық-зомбылықтан романтикалық қарым-қатынасқа дейін...WTA тергеуінің нәтижесі қандай?

Еленаны езгіде ұстаған есерсоқ бапкер Фото: nur.kz

Елена Стефано Вуковты өз командасына қайтарғысы келеді

WTA Әлемнің ең мықты ракеткаларының бірі Елена Рыбакинаның бұрынғы бапкері Стефано Вуковқа қатысты тергеуді аяқтады.

Вуковтың шеттетілуі тағы бір жылға ұзартылды. Соған қарамастан Рыбакина жаттықтырушыға салынған барлық санкцияларды алып тастап, онымен жұмыс істеуге рұқсат беруді талап еткен.

"Тергеудің құпиялылығы мен тұтастығын сақтау үшін және оның нәтижелерін ескере отырып, WTA қосымша мәліметтерді ашып айтпайды. Біз барлық мәселелерді WTA мінез-құлық кодексіне сәйкес әділ және объективті түрде шешуге тырысамыз", – делінген әйелдер теннис қауымдастығының мәлімдемесінде.

Стефано Вуков пен Елена Рыбакина арасындағы іс біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Сондықтан негізгі мәліметтерді еске түсіру артық болмайды.

Негізгі мәліметтер

US Open-2024 турнирінің алдында Рыбакина өзінің мансабындағы барлық сегіз титулды, соның ішінде Уимблдон-2022-ні жеңіп алуға көмектескен жаттықтырушысы Вуковпен күтпеген жерден жұмысты тоқтатқанын мәлімдеді.

Елена бұл шешімнің себебін айтпады. Бірақ, бірден күмәнді жағдайлар пайда болды. Вуковтың профилі WTA сайтынан өшірілді. Кейінірек оның WTA-дан уақытша шеттетілгені және тәртіптік тергеу басталғаны туралы хабарланды.

Елена нені жасырды?

Бастапқыда Рыбакина Вуковты қорғамады. Тек бұл іс туралы айтпауды жөн көрді. Бірнеше айдан кейін Еленаның ұстанымы өзгерді. 2025 жылдың қаңтарында ол WTA-ның банына және Новак Джоковичпен бірге "Үлкен дулыға" турнирлерінде тоғыз жеңісіне жеткен атақты Горан Иванишевичті жаттықтырушы етіп тағайындағанына қарамастан, Стефано Вуковты өз командасына қайтарғысы келетінін мәлімдеді.

Иванишевич Еленаны бірнеше апта ғана жаттықтырып, Australian Open турнирінен кейін командадан кетті. Ал, Абу-Дабидегі турнир алдында Рыбакина италиялық Давиде Сангинеттимен жұмыс істейтінін жариялады. Сонымен қатар, ол Вуковпен үнемі байланыста. Сангинетти бұған қарсы емес. Өйткені италиялық маман Стефаномен өте жақсы қарым-қатынаста.

Құпия бәрібір ашылды

WTA Вуков ісінің егжей-тегжейін ашқысы келмеді. Бірақ, ақпарат бәрібір БАҚ-қа тарады. The Athletic басылымы ассоциацияның бас директоры Порша Арчердің есебіне қол жеткізгенін хабарлады. Онда Стефано Вуковтың ресми бір жылға бапкерліктен шеттетілгені айтылған.

Вуков Еленаға психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен

Бұл қазақстандық теннисшінің денсаулығының нашарлауына және физикалық мүмкіндігінің шектелуіне әкелген. Сондай-ақ, Вуковқа тамыз айында Еленамен жұмыс жасауға шектеу қойғанына қарамастан, оған қысым көрсеткен. 

WTA сонымен қатар Елена Рыбакина мен Стефано Вуков арасындағы романтикалық қарым-қатынас туралы хабарламаларды тапқан. Ал Australian Open кезінде Мельбурнде қазақстандық теннисшімен бапкері бір бөлмеде тұрған.

Осылайша, Вуков WTA-ның "теннисшімен ешқандай жеке байланыс болмауы тиіс" деген талаптарын да бұзған.

Сонымен қатар, Вуков Рыбакинаны "ақымақ" деп атаған және "мен болмасам Елена Ресейде картоп жинап жүрер еді" деген.

Арчер өз есебінде Рыбакина мен Вуков арасындағы қарым-қатынасты "жағымсыз" деп бағалап, олардың WTA-ның барлық ойыншылар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету міндеттемелеріне қайшы келетінін атап өткен.

Осы іс-әрекеттердің барлығына қарамастан Елена бұл шешіммен келіспейді. 2025 жылы ол Вуковтың оған ешқашан жаман қарамағанын бірнеше рет айтты. Алайда хорватиялық бапкерге қарсы тергеу әлдеқайда ертерек басталды.

Оны Еленаның командасынан кенеттен жұмыстан шығару бір нәрсенің дұрыс болмағанын аңғартқан еді. Мүмкін, уақыт өте келе Рыбакина Вуковпен қарым-қатынасын ой елегінен өткізіп, қайта бағалаған шығар.

Куәгерлер не дейді? Вуков тіпті ойында жеңіске жеткенде де Еленаға түкірген

"Үлкен дулыға" турнирлерінің алты дүркін чемпионы және бапкер Ренне Стаббс өз көзімен көрген оқиғаларымен бөлісті.

"Менің ойымша, ол (Вуков) жақсы тұлға емес. Матч өткізіп жатқанда, бапкерімнің ашуға булығып, қолын сермеп тұрғанын көргім келмес еді. Соңғы уақытта мен "Неге теннисшілер осындай жаттықтырушыларының өзін солай ұстауына жол береді?" деп ойладым. Корттан тыс жерде ол Елена үшін әлемдегі ең жақсы жігіт шығар, білмеймін. Бірақ, оның бапкер ретінде өзін қалай ұстайтынын көргенде, не деуге болады? Мен оның жаттығу залында Еленаға айқайлағанын бірнеше рет өз көзіммен көрдім. Басқа теннисшілер де маған әртүрлі нәрселер айтты. Ол матчтарды жеңгенде, Вуков оған түкірген кездері болды. Мұны басқа адамдар да көрді. Мен көрген нәрсені тағы 25 адам көрді", – дейді Стаббс.

Енді Рыбакина не істемек?

The Athletic қаңтар айында егер Вуковтан бан алынбаса, теннисшінің бойкот жариялау туралы ойлағанын хабарлаған. Алайда қазір бұл сценарийдің жүзеге асуы екіталай.

Мүмкін, Стефано бір жылға шеттету туралы шешімге қарсы Спорттық арбитраждық сотқа шағымданып көреді. Хорватиялық бапкердің шағымы қанағаттандырылса, ол биылғы теннис маусымында-ақ Рыбакинаның командасына қайта оралады.

Егер олай болмаса да, 12 айға дисквалификация аса ұзақ мерзім емес. Әсіресе Еленаның Вуковпен бейресми қарым-қатынасын жалғастырып жатқанын ескерсек, дисквалификация уақытының аяқталуын күту хорватиялық маманға түкке де тұрмайтын секілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу