Елеусінов кезекті кездесуіне дайындықты бастады

2615

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) сәуір айында рингке қайта оралады.

Елеусінов кезекті кездесуіне дайындықты бастады

Бұл туралы оның промоутері Эдди Хирн Matchroom Boxing промоутерлік компаниясының YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қараша айында қазақстандық былғары қолғап шебері намибиялық Джулиус Индонгоны (23-3, 12 КО) екінші раундта нокаутқа жіберіп, жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белбеуін жеңіп алды.

"Данияр өзінің соңғы жекпе-жегінде керемет жеңіске жетті. Ол шаршы алаңға шығуға дайын. Елеусінов кез-келген 147 фунттық боксшы үшін үлкен сынақ. Сіздер оның алға үлкен қадам жасап жатқанын көрулеріңізге болады. Данияр рингке сәуір айында қайта оралады", - деді Хирн.

2 сәуірде Хирн Өзбекстанда Исраил Мадримов, Муроджон Ахмадалиев және Шахрам Гиясов сияқты жергілікті боксшылардың қатысуымен бокс кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осы бокс кешінде Елеусінов те кездесу өткізуі бек мүмкін.

Бұдан бөлек Хирн Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясынан бас тартқаннан кейін оған сенім білдірген мексикалық Сауль Канело Альварестің келесі жекпе-жегін де жарнамалауда. 27 ақпанда Альварес WBC / WBA Super орта салмақтағы титулын түрік Авни Йылдырымға қарсы жекпе-жекте қорғайды.

Сонымен қатар қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14 КО) АҚШ-та рингке оралуға дайындалып жатыр. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.

"Жаңа жоспар, жаңа деңгей, жаңа бағыт. Енді чемпиондық жорықты оқу-жаттығу жиындарында АҚШ-та жалғастырамын", - деді Жүкембаев.

Батыр соңғы рет шаршы алаңға 2020 жылдың қаңтарында шықты. Монреалдағы бокс кешінде отандасымыз мексикалық Рикардо Лараны нокаутқа жіберген еді. Содан кейінгі кездесуін өткен жылы өткізуі тиіс болатын, бірақ пандемия бүкіл жоспарды құртты. Жүкембаевтың еншісінде қазір WBA Continental Americas және IBF Inter-Continental титулдары бар.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу