Елеусінов мексикалық боксшымен кездесу өткізеді

2525

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтың ағасы Дәурен Елеусінов өзінің Instagram парақшасында келесі кездесуінің қай күні өтетінін мәлімдеді.

Елеусінов мексикалық боксшымен кездесу өткізеді

Дәурен Елеусінов 72,5 келіге дейінгі орта және суперорта салмақ, яғни 72,6 келіге дейінгі салмақ бойынша шаршы алаңға шығып жүр. Ол 18-шілде күні MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясы ұйымдастыруы тиіс бокс кешінде Арман Рысбекке қарсы жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған. Кездесу белгілі бір титулды жеңіп алу үшін емес, екі қарсыластың қайсы мықты екенін анықтау үшін ұйымдастырылған болатын. Себебі кәсіпқой бокста екеуі де осы уақытқа дейін жеңіліп көрген емес. Дәурен Елеусінов тоғыз кездесу өткізіп, 8 мәрте жеңіске жетсе, 1 кездесуде жекпе-жек тең нәтижемен аяқталған. Ал Арман Рысбек жеті кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Нәтижесінде кездесу өткен жоқ. Өйткені елімізде локдаун жарияланып, ұйымдастырушылар бокс кешін белгісіз мерзімге кейінге шегерді.

32 жасар Елеусінов соңғы кездесуін былтыр ақпан айында Мексикада өткізген. Аталған мемлекетте Дәурен алғаш рет жекпе-жек өткізді. Ол жергілікті боксшы Карлос Уреаны он секундта нокаутқа жіберді. Алматыда өтуі тиіс жекпе-жек кейінге шегерілгендіктен, енді қазақстандық боксшы Мексикаға аттанбақшы. Данияр Елеусіновтың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында Дәурен 15 тамыз Мексиканың Гвадалахара қаласында орта салмақта титулға таласпақшы деп жазған. Оның қарсыласы мексикалық боксшы Хуан Карлос Рэйгоса.

Данияр Елеусіновтың қарсыласы спорттық мансабында 16 кездесуді жеңіспен аяқтаса, 15 мәрте жеңіліс тапқан және үш кездесуді тең нәтижемен аяқтаған. Енді екі былғары қолғап шебері WBC International титулы үшін сынға түседі. Бұл атаққа ие болған боксшы Дүниежүзілік бокс рейтингінде көтерілуге мүмкіндігі болады  және толыққанды чемпиондық белбеулер үшін таласа алады.

Егер 15 тамыз Елеусінов жеңіске жететін болса, орта салмақ бойынша біршама белбеулер үшін таласқа түсе алады. Естеріңізге сала кетсек, Дәурен Елеусіновпен тең дәрежеде өнер көрсеткен жалғыз ғана қарсыласы бар. Ол америкалық Девон Ли. Екі боксшы арасындағы кездесу 2016-жылы Флоридада өткен. Жекпе-жек 8 раундқа созылып, төрешілердің бірі 79:73 есебімен өз дауысын Елеусіновке берсе, екіншісі 76:76 ұпаймен боксшылар тең түсті деп бағалады. Ал үшінші төреші 74:78 есебімен басымдылықты Лиге берді. Сонымен тең нәтиже тіркелді.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу