Елеусіновтың қарсыласы белгілі болды

2413

Ұлыбританиялық MTK Global компаниясының Қазақстандағы филиалының ұйымдастыруымен 18 шілде күні өтетін бокс кешінде Дәурен Елеусінов Арман Рысбекке қарсы шаршы алаңға шығатын болды.

Елеусіновтың қарсыласы белгілі болды

Ұлыбританиялық MTK Global компаниясының Қазақстандағы филиалы өз жұмысын былтыр наурыз айында бастап, үш турнир өткізіп үлгерді. Олардың біреуі елордада, екеуі Алматы қаласында ұйымдастырылды. Ал, биыл наурызда Nayryz Fight Night турнирі өтуі тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты жарыс кейінге шегерілді. Турнирде Азия чемпионы және Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін өткізуі тиіс болатын. Енді ол шаршы алаңға 18 шілде күні шығады. Алайда Тұрсынбай екінші кезекке ысырылып, кештің басты қаһармандары -  орта салмақта сынға түсіп жүрген Дәурен Елеусінов пен Арман Рысбек болмақ.

Риода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусіновтің ағасы Дәуреннің қарсыласына қарағанда тәжірибесі мол. Осы уақтықа дейін ол тоғыз жекпе-жек өткізіп, оның сегізін жеңіспен және бір кездесуін тең нәтижемен аяқтаған. Дәуренге тек америкалық боксшы Девон Ли ғана төтеп бере алды. 2016-жылы маусым айында екі боксшы арасында Флоридада өткен кездесу сегіз раундқа ұласып, төрешілердің пікірі екіге бөлінген. Төрешілердің бірі 79:73, екіншісі 76:76, үшіншісі 74:78 есебімен өз дауысын Лиге берген. Нәтижесінде кездесу тең аяқталды.

32 жасар Елеусінов өзінің соңғы жекпе-жегін былтырғы жылдың ақпан айында Мексикада өткізген. Оған Карлос Уррераны нокаутқа жіберу үшін 10 секундтың өзі жеткілікті болды. Алматыда өтетін бокс кешінде Дәуреннің қарсыласы 29 жасар Арман Рысбек. Арман сегіз кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен. Тіпті алты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Арман соңғы рет шаршы алаңға Өзбекстан боксшысы Мухитдин Раджаповпен шығып, оны алғашқы раундтың бірінші минутында-ақ нокдаун жіберді.

Екі былғары қолғап шеберінің кәсіпқой бокста әзірге атақтары жоқ. Бірақ, әуесқой бокста Арман Рысбек үш рет Қазақстан чемпионы атанып, 2011 жылы құрлықтық біріншілікте қола медаль және 2015 жылы "Астана Арланс" сапында Әлемдік бокс сериясында жеңіске жеткен.

Сонымен қатар, 18 шілде күні Талғат Шайкен мен Тұрсынбай Құлахмет те жұдырықтасады. Бұл екі спортшы үшін кәсіпқой бокстағы дебют болмақ.

Естеріңізге сала кетсек, 18 шілде күні жарыс көрермендерсіз, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуымен өтеді. Турнирді АҚШ-та ESPN және IFL TV стримингтік платформасында көрсететін болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу