Елеусіновтың жекпе-жегі тағы да кейінге шегерілді

1685

Дәурен Елеусінов шаршы алаңға 22-тамыз шығатын болды.

Елеусіновтың жекпе-жегі тағы да кейінге шегерілді

Тамыздың 15-нен 16-на қараған түні қазақстандық боксшы Дәурен Елеусінов (8-0-1, 7 КО) орта салмақта WBC International титулы үшін мексикалық Хуан Карлоа Рейгосаға (16-15-3, 6 КО) қарсы жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Бірақ, бұл кездесу кейінге шегерілді.

"Қымбатты қазақстандықтар, жанкүйерлердің көп жиналуына байланысты Гвадалахара қаласының әкімшілігі коронавирус пандемиясынан сақтау мақсатында жекпе-жекті келесі аптаға ауыстырды", - деп жазды Елеусінов өзінің Инстаграмдағы "stories" бөлімінде.

Елеусінов пен Рейгоса арасындағы жекпе-жек 15 тамызда Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де басталуы керек еді. Бір күн бұрын боксшылар салмақ өлшеді және рингке шығуға дайын болатын. Алайда жанкүйерлердің шамадан тыс жиналуына байланысты кездесу кейінге қалды. Турнир ұйымдастырылған Гвадалахара қаласы COVID-19 коронавирусы таралған "қызыл белдеуге" жатады. Сондықтан жергілікті әкімшілік боксшылардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін осындай шешім шығарған. Алайда күнтізбе бойынша бұған дейін жоспарланған барлық жекпе-жектер уақытында өткен болатын. Енді Елеусінов пен Рейгоса арасындағы кездесу бір аптадан кейін Гвадалахарада емес, Мехико қаласында өтетіні белгілі болды.   

"Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBC) Дәуреннің жекпе-жегін 22-тамызға ауыстырды. Сондай-ақ кездесу Гвадалахарада емес, енді Мехикода өтетін болды. Бізге тағы бір апта уақыт күтуге және салмақты да қалпында ұстап туруға тура келеді", - деп жазды қазақстандық боксшының әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов өзінің Instagram парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, бұл жекпе-жек 34 жасар Елеусіновтың мексикадағы екінші мәрте шаршы алаңға шығуы. Ол бұған дейін Мексикада 2019-жылы ақпан айында кездесу өткізген еді. Дәурен кәсіпқой рингке алғаш рет 2014-жылы желтоқсанда шыққан. Осы уақытқа дейін ол АҚШ-та барлығы 8 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның ішінде жеті жекпе-жек мерзімінен бұрын, ал бір кездесу тең нәтижемен аяқталған. Дәуреннің қарсыласы Рэйгоса қазақстандық боксшыдан төрт жас кіші. Ол 16 кездесуде жеңіске жетіп, 15-де жеңіліс тапқан. Сондай-ақ мексикалық үш жекпе-жекті тең нәтижемен аяқтаған.

Ермұхамед Мәулен


 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу