Елге қанша миллиард қайтатыны белгілі болды

17919

"Қасіретті қаңтар" оқиғасынан кейін Үкімет шырт ұйқыдан оянғандай: әлемдік нарықта шикізат бағасы қарқынды қымбаттағанымен өндіруші компаниялардан бюджетке түсім өспегенін енді айтып отыр. 

Елге қанша миллиард қайтатыны белгілі болды

Мемлекет басшысы биылғы 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында, арада он күн салып, 21 қаңтардағы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде біраз ащы шындықтың бетін ашты, нақты міндеттер қойды. Жұртты тамсандырған бұл пікір-ұсыныстар тақырып іздеп сабылған журналистер қауымына жақсы талғажау болумен ғана шектелмепті.

Соның негізінде Салық кодексіне нақты өзгерістер енгізілгелі жатыр. Оның мән-жайын Ұлттық экономика министрлігі жария етті.

ПҚӨС неге өсуге тиіс?

Біріншіден, Мемлекет басшысы "Жаңа Қазақстанда" макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бюджетті толтырудың қосымша көздері ізделетінін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, жаһандық нарықта шикізат бағасы көтерілгендіктен отандық тау-кен өндірісі секторындағы компаниялар аста-төк табыстың астында қалды. Сондықтан Үкіметке осы жақтан бюджетке қосымша түсімдер іздеу жүктелді. Оларды қаптаған жеңілдіктерден, артықшылықтардан, преференциялардан айырған жөн. Орнына жаңа кен орындарын барлау және игеру үшін кең жеңілдіктер беру мәселесі пысықталмақ.

"Шынында, 2020 жылдың соңынан бері және бүкіл 2021 жыл бойы негізгі метал түрлері – мыс, алюминий және тағы басқасының әлемдегі бағасы күрт өсті және бұл үрдіс жалғасуда. Оның үстіне негізгі позициялар бойынша соңғы 5-6 жылдан бері баға серпінді өсіп келеді. Осының арқасында бұл сала компанияларының кірісі артты. Соған қарамастан, Қазақстанда "пайдалы қазбаларды өндіру салығы" (ПҚӨС немесе НДПИ) ставкасы еш өзгерген жоқ. Салдарынан шикізат тауарларының бағасы жоғарылап жатқанымен, оның бюджетке қаржылық қайтарымы еш өскен жоқ", – деп растады Экономика министрлігі.

Оны онсыз да Президент айтты, сонымен не өзгереді? Ведомствоның хабарлауынша, осыған байланысты тау-кен секторына салынатын салық жүктемесі қайта қаралады. Әйткенмен еліміздің жаңа бас экономисі Әлібек Қуантыровтың командасы сала олигархтарының қанша сомада "шектен тыс пайда" (сверхприбыль) тапқанын нақтылап жатпады. Айтқандай, бұл бұрыннан "коммерциялық құпияға" жатқызылған екен.

Бір анығы, 2021 жылы республикалық бюджетке түскен пайдалы қазбаларды өндіру салығының жалпы сомасы тек 450 миллиард теңгені ғана құрады. Тіпті 1 триллионға да жетпеді. Президент тапсырмасымен, ПҚӨС арттырылғаннан кейін одан шамамен 300 миллиард теңге қаражат қосымша түседі деп белгіленіп отыр. Яғни бизнеспен бір кездесу арқасында бұл салық 750 миллиард теңгеге дейін артпақ. Үкімет тартқан бірқатар сарапшы одан да көбейтуге болатынын айтады.

Еліміздің бас экономисі Мемлекет басшысының жаңа кен орындарына жеңілдік беру ұсынысын құптайды. Өйткені елде шикізат қорлары сарқыла бастады. Бұл біраз өңірде әлеуметтік кернеуді күшейтіп, шиеленіс тудыруы мүмкін.

"Қорлардың сарқылуына және жаңа кен орындарының ашылмауына байланысты қолданыстағы кен орындарында өндіру көлемі азаюы мүмкін. Жаңа кен орындарын игерудің күрделілігі оларды табыссыз, рентабельсіз етеді. Демек оларды игеру үшін салықтық ынталандыру талап етіледі. Ынталандыру шарасы ретінде рентабельділік деңгейіне қарай жаңа кен орындарын ПҚӨС-тан босату ұсынылады", – деп мәлім етті министрлік.

Бұл жерде мүлдем босата салмай, лимит белгілеген жөн секілді. Мысалы, Канадада жаңа кен орындарын игерушілер алғашқы үш жылға, бірақ тек алғашқы 10 миллион доллар табысы аясында ғана роялти салығынан босатылады. Көрші шың елінде тек Батыс Қытайда шетелдік кәсіпорындар 1-ші жылға рояльтиден толық босатылады, ал келесі 2 жылы 50% көлемінде жеңілдікпен салық төлейді.

Олигархаттың қымбат қулығы әшкереленді

Екіншіден, Қ. Тоқаев ірі өнеркәсіптік топтардың түрлі жалған келісімшарттар арқылы миллиардтаған долларды елден әкетіп жатқанына назар аудартты. "Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз" деген қағидатқа жол берілмейді!" деп ескертті ірі бизнеске Мемлекет басшысы.

Ұлттық экономика министрі "жекелеген қаржы-өнеркәсіптік топтардың жалған-фиктивті мәмілелер жасау арқылы капиталды шетелге шығарып" жатқанын растады.

"Соның кесірінен Қазақстанда тапқан ақшаны олар ел экономикасына қайта инвестицияламайды. Жалпы, бұл бағыттағы шаралар бұдан бұрын қолға алына бастады. Мәселен, аталған мәселе Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 37-тармағында көзделген: оған сәйкес, елден шығарылатын капиталды бақылауды күшейту және пайданы елге қайта инвестициялауға ынталандыру үшін халықаралық салық салуды жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда", – деп түсіндірді экономика министрлігі.

Шешімі қандай? Сөз болып отырған тәуекелді азайту мақсатында Үкімет бірыңғай мөлшерлеме белгілей отырып, дивидендтерді салық салудан босату жеңілдіктерін алып тастауға ниетті.

Бұл жерде олигархтардың капиталды шетелге шығарып әкетуіне мүмкіндік беретін бір схема әшкереленген, яғни "отандық бизнес" деген формальды мәртебесі бар сыбайлас фирма құрылады, қаржылық-өнеркәсіптік алпауыт компания содан қандай да бір қызметті сатып алады. Бір жағынан, жергілікті мазмұн дамиды, екінші жағынан сол үшін компания жеңілдікке ие болады. Екі жақ та – мемлекет те, олигополия да пайдада. Солай емес пе? Әрине, олай емес. Іс жүзінде ешқандай қазақстандық қамту артпайды, қызмет тек қағаз жүзінде көрсетіледі, "жылыстатылған" ақша шетелге кетеді. Сол үшін оған мемлекет салықтық жеңілдікпен жарылқайды.

"Салықтық бақылау барысында анықталғандай, салық төлеушілер салықтық жүктемені төмендету үшін өзінің үлестес-аффилирленген компанияларынан қызметтерді белсенді түрде сатып алады. Мұндай мәміле арқылы салықтан жалтарады. Себебі, сол қаражатқа көрсетілген қызметтер құрылымдық тұрғыдан тіпті де қажет емес. Салық заңнамасында үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтерге салықтық шегерімдерді қолдануға шектеу қойылмаған. Сол себепті қаражаттардың материалдық емес қызметтерді сатып алуға ағып кетуін болдырмау мақсатында материалдық емес қызметтер көрсету үшін шегерімдерді шектеу қажет", – деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, ондаған жылдар бойы ірі компаниялар өздерінің үлестес кәсіпорындары көрсеткен аса қымбат кеңес-консультация секілді материалдық емес қызметтер бойынша шығыстарын шегерімге жатқызып, салықты аз төлеп келді, сондай-ақ дивидендтер бойынша жеңілдіктерді емін-еркін пайдаланды.

Салық кодексіне түзету енгізетін жаңа заң жобасы олигархатты, алпауыт компанияларды сол игілігінің бір бөлігінен айырмақ. Нәтижесінде заң жобасы күшіне енген алғашқы жылы олардан осы бағыт бойынша ел қазынасына шамамен 150 миллиард теңге қосымша түсімдер түспек. Ал одан кейінгі жылдары бұл қосымша түсім шамамен 300 миллиард теңгеге дейін өседі деп жоспарланып отыр.

Осылайша, қорыта айтқанда, әсірге бас экономист командасы 600 миллиардтай қосымша қаржы көзін тапты.

Бюджет бүйірін қампайтудың әлеуеті қайда?

Жалпы, жаңа қаржы көздерін іздеген ел Үкіметі пайдалы қазбаларды өндіру салығының ставкаларын арттыру жайын да ойластырғаны маңызды. Әйтпесе, оның көлемі тек ащы күлкі тудырады. Нақтылай кетсек, қазіргі кезде қазақ жерінің қойнауынан марганец, темір-марганец кенiн алушылардан – 2,5%, аса қат темір кенiн өндірушілерден – 2,8% ПҚӨС қана алынатыны мәлім болды. Алюминий бойынша ставка бар-жоғы 0,25% ғана! Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресейде алюминийге салынатын ПҚӨС салығы 8%, яғни біздегіден 32 есе көп.

Қазақстанда мысқа – 5,7%, мырышқа – 7%, қорғасынға – 8%, алтын, күміс, платина, палладийге – 5%, қалайыға – 3% (Ресейде 8%), никелге – 6% ғана ПҚӨС салығы жиналады.

Оның үстіне Ресей пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық жүктемесін одан әрі арттыру мәселесін пысықтап жатыр.

Сондай-ақ алпауыт жеке компаниялардың дивидендтерін аққұла Қазақстанның салықтан босатқаны қайран қалдырады. Өйткені өзге елдер, посткеңестік мемлекеттер де резидент еместердің дивидендтерін салықтан босатпайды. Бұған қоса, "Қосарланған салық салуды болдырмау туралы салық конвенцияларының" бірде-бірінде дивидендтерді салық салудан толық босату туралы ереже жоқ. Оларда тек 5–10% төмендетілген ставка ұсынылған. Австрия, Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Нидерланды, Германия секілді дамыған 34 елде бұл салық 5%-ға, Қытай, Ресей, Түркия, Чехия, Малайзия сияқты 18 елде – 10%, Пәкістанда – 12,5%, ал Грузия мен Беларусьте – 15%-ға дейін барады.

"Қаралы қаңтардан" кейін есі кіріп, етегін жаба бастаған Үкімет мемлекет есебінен олигархтарға жомарт болуын доғаруға ден қойғандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу