Еліміз халал мал ғана өсетін мемлекетке айналуға жақын

10061

Алматылық ірі фермада қоралар бос қалған.

Еліміз халал мал ғана өсетін мемлекетке айналуға жақын

Қазақстанда шошқа өсірушілер 3 форматта жұмыс жасауда, бұлар – ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылық, яғни қорадағы шошқалар. Негізгі өсімді шаруа қожалықтары беріп келген. Бірақ оларда мал басы өспей, күрт кемуде.

2020 жыл басында жеке адамдар қолындағысын қоса есептегенде, елде шошқаның жалпы саны 900 мыңдай ғана болды.

"Экономикалық қиындықтар туындауы салдарынан мал басы құлдырап барады. Мысалы, 2019 жылдың соңында шаруа қожалықтарында 92,5 мың шошқа ғана қалған. Салыстыру үшін айталық, бір жыл бұрын Қазақстанда 109,9 мың шошқа болды. Яғни, бірден 17,4 мыңға азайды. Бұл азықты көп жейтін жануар ғой, бүгінде жем жетпей, қырылып жатыр", – дейді Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Маргарита Долгих.

Саладағы жағдай туралы ірі шаруашылықтардың бірінің басшысы Лидия Гаврилюк әңгімелеп берді. Ол 23 жылдан бері басқаратын кәсіпорын Алматы маңында, Іле ауданында орналасқан.

"Мен келгенде мұнда жартылай бұзылған, мал ұстау үшін жарамайтын нысандар ғана қалыпты. Айналаны күйреу мен күйзеліс көрінісі жайлаған. Өндірісті өз қолыммен көтеріп, жаңғырттым. Заманауи жабдықтармен жабдықтадым, бүкіл ферма бейнебақылау жүйесімен қамтылды, не болып жатқанның барлығы қадағаланды. Содан кейін өсім басталды. Оның шарықтау шегі 2010 жылға келді, сонда шошқа саны 10 мыңға жетті", – дейді Лидия Григорьевна.

"Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманы" бертінде аяқталған. Бүгінде шошқа шаруашылығы жойылуға ден қойғанға ұқсайды. Алматылық ірі фермада 3,5 мыңы қалды. Қоралардың біразы бос.

"Барлық шаруашылық қиындықтан көз аша алмауда. Бір ұшын бір ұшына жалғай алмайтын, салған қаражат пен күш-жігердің қайтарымын көрмейтін жағдайдамыз. Ферманың жабылу мәселесі көтерілуде. Азық-жем бағасы күрт өсті. Соның өзі жетпейді. Біз оларды алыпсатарлардан сатып алуға мәжбүрміз. Бұрын бізге элеваторлар қызмет ететін: проблеманың не екенін білмейтінбіз. Соларға барып, арзанқол бағамен қажетінше жем алатын едік", – деп сағына, қамыға еске алады өткенді ферма басшысы.

Бұдан бөлек, кеңес кезінде шошқа фермалары арпа, азық-жем дақылын өсіруі үшін төрт түліктен жайылым жаппай тартып алынды.

"Алайда кейінгі жылдары жергілікті әкімдіктер ол алаңдарды алып қойып, жеке тұлғаларға үй салуға берді. Соның кесірінен, біз жем көзінен айырылдық. Енді барлық азық-жемді сатып алуға және көп қаражат жұмсауға тура келуде. Оның бағасы болса, барған сайын өсіп барады. Мысалы, 1 келі арпа бүгінгі таңда 77 теңгеге дейін жетті. Былтыр 50–55 теңге болған. Бидай келісі 90, соя – 140–160 теңге, кебек – 50–55 теңге тұрады. Олардың барлығы бұрын небәрі 15–25 теңге ғана болып еді ғой. Алыпсатарлар да есіріп алды: тауар құжаттамасында не жемнің құрамы, не қоректің құндылығы, не өндірушісі жазылмайды, салмағы ғана көрсетіледі. Ал бағасын жеткізуші өз қалауынша құбылтады", – дейді Лидия Гаврилюк.

Өзге үй жануарларынан тағы бір айырмашылығы, шошқаның дерті көп. Оның бойы толған паразит. "Шошқа тұмауының" өзі неге тұрады. Лидия Гаврилюк саланың күйреуіне дәрі-дәрмек, вакциналар, ветпрепараттар алудың қиындауы да ықпал еткенін айтады.

"Біз сапалы препараттарды іздеуге көп күш пен уақыт шығындаймыз. Неге екені белгісіз, бір елде шығарылған бір вакцина мен препарат әртүрлі бағада өткізіледі. Мысалы, Алматыда жасалған "Фарашур голд" 640 теңге, ал ақтөбелік нұсқасы 570 теңге. Әрине, іргедегі қаладан сатып алмай, Ақтөбеге тапсырыс жасауға мәжбүрміз. Шошқаның қаптаған ауруы бар, олардың алдын алу және емдеу үшін ветеринарлық препараттың орасан зор көлемін пайдаланамыз. Бұл ретте ауданда да, облыста да шошқа шаруашылығына маманданған арнайы ветеринарлық қызметтер қалмады", – дейді ферма жетекшісі.

Нәтижесінде, талпақ танаулар арасын тұяқтылардың ең қауіпті дертінің бірі аусыл індеті жайлаған. Тек шошқа өсірушілер дабыл қағып, тікелей ауыл шаруашылығы министріне қоңырау шалғаннан кейін қажетті шаралар қабылданыпты.   

Шошқа етін тасып әкететін көтерме саудагерлер де сатып алу бағасын көп жылдан бері өзгертпеген және 1 келі шошқа еті үшін 850–900 теңгеден ұсынады. Ал нарықта 1 800 теңгеден өткізеді.

Шошқа шаруашылықтары құрыса, Қазақстан адал жануарлар ғана өсірілетін елге айналуы мүмкін.

Жасыратыны жоқ, өзге этностар түгіл, бірқатар қазақ шошқа майы мен шошқадан жасалған шұжықты тұтына береді. Бірақ кейінгі жылдары елімізде шошқа етіне деген сұраныс кемуде. Фермерлердің айтуынша, ет комбинаттарына бұрын күніне 20–30 шошқа жеткізілетін, қазіргі кезде 100–110 келі ғана қабылдайды. Осылайша, фермаларда өтпеген басыартық шошқалар жинақталуда және етінің сапасы нашарлап жатыр. Себебі, белгілі бір кезге дейін соймаса, оны май басып кетеді екен, мұны мамандар "процесс осаливания" деп атайды. Ондай шошқа араны ашылып, ашқарақ бола түседі. Сондықтан "су тегінге", әр келісін 300 теңгеден бағалап, өткізуге мәжбүр.

Асылжан Мамытбеков басшылық еткен тұстан бастап, АШМ бұл саланы қуатты қолдады. Тіпті 2027 жылға қарай шошқа еті өндірісін 200 мың тоннаға дейін жеткізу жоспары қойылыпты. Кейінгі кезде бұл қарқын басылғандай. Шошқа өсірушілер бұрын тірі шошқаның әрбір келісі үшін 98 теңгеден дотация алып келді. Енді субсидия формасы өзгеріпті: бір аналық шошқа үшін жылына 40 мың теңге төленеді.

Мемлекетте халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге де қаражат жетпей жатқанда, шошқа шаруашылығына мән беру жөнсіз болары анық. Бұл – стратегиялық маңызды сала емесін Үкімет те түсіне бастағанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу