Елімізде 11 өңір тұрғындарының саны 1 миллионнан асатын болды

5444

Қазақ елі – әлемдегі халқының саны қарқынды өсуші елдердің біріне айналды.

Елімізде 11 өңір тұрғындарының саны 1 миллионнан асатын болды Фото: canva.com

Countrymeters.info әрбір елдің мемлекеттік статистика қызметтерінің ресми дерегіне жүгіне отырып, қызықты деректі жариялады. Онда "1991 жылдан бастап, 2023 жыл аралығында посткеңестік кеңістіктегі елдердің халықтары санының қалай өзгергені" келтірілген.

Сонымен, оған сәйкес, 1991-2023 жылдар кезеңінде:

  • Ресей халқының саны 148,5 миллионнан 146,1 миллионға дейін немесе -1,62%-ға кеміді (Ресей тек 2021 жылғы статистикасын ғана жария етіп отыр, ресейлік демографтар Ресей тұрғындарының қазіргі санын 140 миллионнан кем деп бағалайды);
  • Украина халқының саны 52 миллионнан бүгінде 36,7 миллионға немесе -29,4%-ға дейін құлдырады;
  • Өзбекстан халқының саны 20,9 миллионнан 35,2 миллионға немесе 68,4%-ға өсті;
  • Қазақстан халқының саны 16,4 миллионнан 20 миллионға немесе 21,9%-ға ұлғайды;
  • Әзербайжан халқының саны 7,2 миллионнан 10,6 миллионға дейін немесе 47,2%-ға көбейді;
  • Тәжікстан халқының саны 5,4 миллионнан 10,2 миллионға немесе 88,9%-ға дейін артты;
  • Беларусь халқының саны 10,1 миллионнан 9,4 миллионға дейін немесе 6,9%-ға кеміді;
  • Қырғызстан халқының саны 4,4 миллионнан 6,9 миллионға дейін немесе 56,8%-ға өсті;
  • Түрікменстан халқының саны 3,7 миллионнан 6,2 миллионға дейін немесе 67,7%-ға көбейді;
  • Грузия халқының саны 4,8 миллионнан 3,8 миллионға дейін немесе 20,8%-ға төмендеді;
  • Армения халқының саны 3,5 миллионнан 3 миллионға дейін немесе 14,3%-ға кеміді;
  • Литва халқының саны 3,7 миллионнан 2,5 миллионға дейін немесе 32,4%-ға азайды;
  • Латвия халқының саны 2,6 миллионнан 1,8 миллионға дейін немесе 30,8%-ға төмендеді;
  • Эстония халқының саны 1,5 миллионнан 1,3 миллионға дейін немесе 13,3%-ға түсіп кетті;
  • Молдова халқының саны 4,3 миллионнан 2,5 миллионға дейін немесе бірден 41,4%-ға құлдырады.

Бұдан шығатын қорытынды сол, Кеңес одағы күйрегеннен кейін азаттыққа қол жеткізген елдер арасында, тәуелсіздік жылдары тек Қазақстан мен Орталық Азия республикалары және Әзербайжан ғана халқының санын өсіре алған.

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ (ЕРДО) сарапшылары бір қызықты деректі алға тартты. Республикамыз демография жөнінен әлемдегі озық елдердің қатарында саналады. Қазақстанда туу коэффициенті әлемдік орташа деңгейден 29%-ға жоғары болыпты. Өлім-жітім деңгейі керісінше, 11%-ға төмен. Нәтижесінде, табиғи өсім коэффициенті әлемдік орташа көрсеткіштен 52%-ға жоғары болып шықты.

Өз кезегінде Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының саны 2023 жыл басындағы 19 766 807 адамнан жыл соңында, яғни 1 желтоқсанда 20 014 575 адамға дейін жетті.

Денсаулық сақтау министрлігі де "сүйінші" жаңалығын бөлісті. Былтыр елімізде 390 мың нәресте өмір есігін ашты.

"Босандыру қызметінің мамандары 388 мың босануды сәтті қабылдап, 390 мың сәби дүниеге келді. Өткен жылы 400 мыңға жуық әйел жүктілігі бойынша медицина қызметкерлерінің бақылауында болды. Бұл жағдайда дәрігерлер ауыр акушерлік және соматикалық асқынуларға байланысты өте ауыр жағдайдағы 1000-нан астам жүкті әйелді құтқара алды. Медициналық авиация желісі бойынша 200 ұшу орындалды, 21 әйел жергілікті жерде операция жасалды, 190 әйел ауыр жағдайда облыстық, республикалық клиникаларға тасымалданды және құтқарылды. Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында алғаш рет ана өлімі көрсеткішінің 32%-ға төмендеуіне қол жеткізілді", – деп хабарлады министрлік.

Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшылары мұндай қарқынмен 2050 жылға қарай мемлекетіміздегі бірден 11 өңірдің тұрғындарының саны 1 миллионнан асып түсетінін тұспалдап отыр. ЕРДО эксперттерінің болжамынша, ХХІ ғасыр ортасына қарай:

  • Астана қаласы тұрғындарының саны 3 млн 533 мыңға (қазіргіден 2 млн 143 мың адамға жоғары);
  • Алматы қаласының тұрғындарының саны – 4 млн 335 мыңға (+2 млн 137 мың);
  • Түркістан облысы тұрғындарының саны – 2 млн 888 мыңға (+759 мың);
  • Алматы облысы тұрғындарының саны – 2 млн 449 мыңға (+929 мың);
  • Шымкент тұрғындарының саны – 2 млн 293 мыңға (+1 млн 84 мың);
  • Маңғыстау облысы тұрғындарының саны – 1 млн 519 мыңға (+742 мың);
  • Жамбыл облысы тұрғындарының саны – 1 млн 274 мыңға (+55 мың);
  • Ақтөбе облысы тұрғындарының саны – 1 млн 194 мыңға (+260 мың);
  • Қызылорда облысы тұрғындарының саны – 1 млн 44 мыңға (+207 мың);
  • Атырау облысы тұрғындарының саны – 1 млн 15 мыңға (+316 мың) дейін артады;
  • Қарағанды облысы тұрғындарының саны – 1 млн 37 мыңды құрайды, бірақ 98 мың адамға азаяды деп болжануда.

Бір шара қабылдамаса, қазіргі қалыппен кете берсе, бірқатар өңірде халық саны 2050 жылға қарай күрт кемуі мүмкін. Оның үстіне олардың бәрі – Ресеймен және Қытаймен шекаралас өңірлер.

ЕРДО сарапшыларының болжамынша, Қостанай облысы тұрғындарының саны 197 мыңға кеміп, онда 633 мыңдай ғана адам қалуы, солтүстікқазақстандықтардың саны да 197 мың адамға азайып, жұртта қалғанының саны 335 мыңға дейін құлдырауы мүмкін. Павлодарлықтардың саны 112 мыңға (қалатыны – 641 мың адам), Абай облысыны тұрғындарының саны – 122 мыңға (487 мыңға дейін), шығысқазақстандықтар саны 122 мыңға (607 мыңға дейін), жетісулықтардың саны 157 мыңға (539 мыңға дейін) азайып кетеді деп тұспалданды.

Бұл болжамды аймақ басшылары назарға алып, оған жол бермеу, өңірлерге халықты тарту шараларын қабылдағаны жөн. Барлық жағдайын жасаса, шекара маңына да қалың ел қонады, халқымыз сондағы бос жатқан шұрайлы жерлерімізді игеріп, қоң мен әл-ауқат жинайды.

"Қазақстан халқының орташа жылдық саны 2050 жылға қарай 39%-ға немесе тағы 7,7 миллион адамға өсіп, ғасыр ортасында 27,6 миллион адамға жетеді деп күтіледі. Болжамның базалық нұсқасына сәйкес халықтың жылдық өсу қарқыны жылына 1,1-1,3% шегінде өзгереді, орташа жылдық қарқыны 1,3%-ды құрайды. Мегаполистердегі халықтың саны 2050 жылға қарай 5,4 миллион адамға өсіп, 10,2 миллион адамға жетуі мүмкін. Яғни, ғасыр ортасында қазақстандықтардың 37%-ы мегаполистерде өмір сүрмек", – деп жорамалдады ЕРДО сарапшылары.

Оңтүстік өңірлердегі халықтың саны 1,8 миллион адамға, батыс өңірлерде 1,4 миллион адамға өсуі ықтимал. Орталық пен шығыс өңірлерде тұрғындар саны керісінше, 464 мың адамға, солтүстік өңірлерде 427 мың адамға қысқаруы мүмкін.

Жалпы, мемлекеттік сарапшылар ұстамды болжамды, "базалық сценарийді" ұстанып отыр. Егер оптимистік болжам жүзеге асса, сәл басылып қалған демографиялық дүмпу қайта күш алса, онда алдағы ширек ғасырда Қазақстан халқының саны 30 миллиондық межені де еңсеруі ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу