Елімізде 146 мыңнан астам саудагер жаппай жазалануы мүмкін

3920

Үкімет Президенттің инфляцияны екі есе азайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін қатаң шараларға баруға бекінді.

Елімізде 146 мыңнан астам саудагер жаппай жазалануы мүмкін Фото: bangkokbook.ru

Инфляция Қазақстанды ұятты жағдайда қалдырды

Әлемдік алпауыттар тарапынан санкциялық қысымның астында қалған, шетелден тауарларды алыс, айналма жолдармен тасуға мәжбүр Ресейде жыл соңында инфляция 5,1-5,7 пайыз болады.

Экономикасы күйреуге шақ қалған Украина инфляцияны 14,8 пайыздан 10,6 пайызға түсіре алды.

Газа аумағындағы соғысының шығындары күрт өскен, экономикасы құлдырай бастаған Израильде инфляция 4,1 пайызды құраған. Орталық Азия елдерінде 7-9 пайыз аралығында. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш небәрі 1-2 пайыз айналасында.

Ал Қазақстанда инфляция ушығып тұр. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, айлық және базалық инфляция таргеттен, дәлізден шығып кетіп, жоғары қалпында қалды. Жылдық инфляция 10,8 пайызға жетіп тұр. Яғни, жыл бойы қабылданған шараларға қарамастан бағаның өсуі бәрібір екі таңбалы мәнде сақталуда.

Алда жаңажылдық мерекелер мен демалыстар келе жатыр. Көңілін демдеп, еңсесін бір мезет тіктегісі, сол үшін лайықты дастархан жайғысы келетін қазақстандықтар дүкендер мен базарларға жүгіреді. Тиісінше, сауда орындары бағаны дәстүрлі түрде көтереді.

Алаңдатарлық жағдай қазірден қалыптасуда. Еліміздің бас экономисінің айтуынша, біріншіден, айлық инфляция өткен айдың деңгейінен және таргеттен жоғары қалыптасып, 0,7 пайызды құрады.

Екіншіден, азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде 10,4 пайызға дейін баяулады. Ал оның айлық мәні өткен айдағы 0,3 пайыздан 0,5 пайызға дейін қарқын алды. Азық-түлік тауарлары құрылымында қазанда жұмыртқа, нан, жарма, қант және тәттілер, жемістер мен ет бағасы өсті. Бұлар – алдағы мерекелерде жылдағы дәстүрмен тағы қымбаттауы мүмкін. Онсыз да ет бұқараның тісіне емес, тек түсіне ғана кіретін болды.

Үшіншіден, қазанда азық-түліктік емес инфляция жылдық мәнде 11,1 пайызға жетті. Кейінгі айда тағы 0,8 пайызға ұлғайған. Экономика министрлігінің дерегінше, өткен айда отын, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар, киім-кешек пен аяқ киім, аудиовизуалды жабдықтар бағасы өсті.

Төртіншіден, қазан айы қорытындысында ақылы қызметтер инфляциясы да жылдық мәнде 11 пайыздық белесті бағындырды. Оның арасында тұрғын үйді жалға беру қызметінің, шаштараздардың, жеке қызмет көрсетудің, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасы өсті.

Мұның бәрі, министр Әлібек Қуантыровтың байламынша, инфляцияға қарсы саясатты одан әрі жалғастыруды талап етеді. Шенеуніктің тілінен қарапайым тілге аударсақ, бұл "дәстүрлі тетіктермен қымбатшылықты құрықтау қолымыздан келмеді, енді төтенше шаралар қабылдап, жазалау тетіктерін енгіземіз" дегенді білдірсе керек.

Мәселен, Үкімет үстеме ақысын шектен тыс көтеріп жіберді деп, қымбатшылыққа саудагерлерді айыптады. Өңірлерде бүгінде халық көп тұтынатын өнімдерге үстемесін көп қосқан дүкеншілерді, кәсіпкерлерді әшкерелеп, жазалау шаралары жүргізіліп жатыр. Әкімдіктер, жауапты құрылымдар ол туралы жергілікті ақпарат құралдарына үнемі ақпарат ұсынады. Тіпті өзгелерге "көзайым" болуы үшін айып тағылған сауда орындарының атын атап, түрін түстеп жатқандары да баршылық.

Осы орайда Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов сауда орындарына мониторинг күшейтілгенін хабарлаған болатын.

"Қазақстан аумағында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді. Ол коррупция көріністерін жоюға, сондай-ақ инфляцияның және ӘМАТ бағасының өсуіне жол бермеуге бағытталған. Пилоттық жоба аясында өндірушіден шығып, бөлшек сауда орнының сөресіне дейін жеткенше, азық-түлік тауарларына сауда субъектілерінің баға белгілеуіне жедел мониторинг қамтамасыз етіледі. Бұл алыпсатарлықты болдырмайды. Бизнестің заңнамада көзделген сауда үстемеақысының мөлшерін сақтауы бақыланады", – деді Бауыржан Құдайбергенов.

Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.

Оған сәйкес, заңмен бекітілген үстемеақыдан көп қосқан бөлшек сауда кәсіпкерлері жазаланады.

Қазақстан нарықтық экономикалы ел екеніне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бөлшек сауда бағаларын бақылауды енгізді. Бұл ретте саудагерлердің ең жоғарғы, "шекті сауда үстемесінің" мемлекет рұқсат еткен мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс. 15 пайыздан асып кетсе, Әкімшілік кодекстің 204-4-бабы негізінде әкімшілік жаза қолданылады. 

Онда жаңа заң жобасының жаңалығы неде?

СИМ Сауда комитеті сарапшыларының түсіндіруінше, қазіргі уақытта аталған 204-4-бапта айыптыға бастапқыда тек "ескерту" жасау ғана көзделген. Тек 1 жыл ішінде қайталап жасаса ғана "айыппұл" түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Яғни, саудагер ескерту алған соң бір жыл күтсе болғаны. Артынша бағаны қайта көтерсе және ұсталып қалса, тағы ескерту алады. Ұсталмауы да әбден мүмкін. Қазақстандықтар тұтынушылық құқығын қорғауға немқұрайлы болып немесе үстемеақы көлемі шектелгенін білмей, шағым жаза бермейді. Әрі бақылаушы органның штаты шағын, тексеру өрісі шектелген.

Сондықтан сарапшылар бірінші анықталғанда "штраф салып кетуді" ұсынып отыр. Тағы қайталаса, айыппұлы ауырлайды.

"Нысаналы топқа шағын, орта және ірі кәсіпкерлікке жататын жалпы саны 146 мың 854 кәсіпкерлік субъектісі кіреді. Қолданыстағы норма бизнес субъектілеріне тиісінше әсер етпейтінін атап өткен жөн. Өйткені ол "айыппұл" салу түріндегі қатаң әкімшілік жазаға көп соқтырмайды. Заңнама нормаларын үнемі бұзуға жол ашады. Бұдан мемлекет, халық және сауда субъектілерінің өздері зардап шегеді. Бұл салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі. Азық-түлік тауарларының, ӘМАТ-тың бағалары бақылаусыз қымбаттайды. Бәсекелестік шектеледі", – деп дәйектеді Сауда комитетінің мамандары.

Бұдан басқа, заңда қарастырылған жазалау тетіктері де іске көп жаратылмайтын көрінеді. 2020 жылдан 2022 жылға дейін жергілікті атқарушы органдар:

  • 2020 жылы бірде бір әкімшілік іс қозғамады;
  • 2021 жылы – 35;
  • 2022 жылы – 323 әкімшілік іс қана қозғады.

Елде тауар бағасын тек осы үш жүздей ғана кәсіпкер негізсіз көтерді дегенге сену қиын.

Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген жаңа заң жбасына сәйкес, егер ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңмен рұқсат етілген сауда үстемесінен (15 пайыздан) асыра көтеріп жіберсе:

  • жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлікке – 5 АЕК (2023 жылы 18 460 теңге),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 (129 220 теңге),
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150  айлық есептік көрсеткіш (553 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салу ұсынылды.  

Бұл іс-әрекетін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасаса: жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз АЕК (1,1 млн теңге) айыппұл салынады. Бұл – қолданыстағы Кодексте қазірден бар жаза.

Кәсіпкерлер бұл қадамды құптап отырған жоқ. Алматылық дүкендер желісінің менеджері Талғат Нұрасылдың айтуынша, мұндай репрессиялық шаралар қымбатшылыққа ұрындырып отырған жүйелі проблемаларды шешпейді. Мәселен, Қазақстан импорттық тауарларға қатты тәуелді. Ал импорттық тауарлардың басым көпшілігі сол бұрынғыдай Ресей арқылы тасылады. Яғни, ол тауарларға ресейлік инфляцияның үлесі қосылып келеді.

Демек Үкімет елімізге импорттық тауарларды әкелудің баламалы жолдарын дамытуы шарт. Бұған қоса, дүкендер, базардағы алыпсатарлар көтерме тауар жеткізушіден құжаттарды қанша сұратса да, ала алмауы мүмкін. Салдарынан тексеруші келсе, әр тауарына нақты қанша үстемеақы қосқанын құжат жүзінде дәлелдей алмайды. Бұл ұсақ, шағын кәсіпкерлердің жаппай айыппұл арқалауына соқтыруы ықтимал.

Жазалаушы тетіктер инфляцияны толық ауыздықтамайды, оны тек кейін ысырады. Мұны биылғы қазан айының басында депутат Магеррам Магеррамовтың депутаттық сауалына жауабында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та мойындаған еді. Қымбатшылық шенеуніктерді шетін шараларға итермелесе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу