Елімізде 400 мың теңгелік жаңа жәрдемақыны кімдер ала алады?

12919

Қазақстанда жаңа арнайы әлеуметтік төлемдерге мұқтаж адамдардың саны жыл сайын кемінде 5 пайызға өсіп отырады.

Елімізде 400 мың теңгелік жаңа жәрдемақыны кімдер ала алады? Фото: canva.com

Елімізде зиянды не қауіпті өндірістегі жұмысшыларға бүгінде 2 түрлі ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Оның біріншісінің көлемі небәрі 9,42 АЕК немесе биыл 32 499 теңгеге тең. Ал екінші жәрдемақы одан да аз (8,38 айлық есептік көрсеткішке немесе 28 911 теңгеге барабар). Бұл екеуіне де ешбір отбасы лайықты өмір сүре алмасы белгілі.

Сондықтан Президент биылғы жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында елімізде жаңа жәрдемақы енгізілетінін жариялаған еді.

"Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай критерийлері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға 55 жастан бастап зейнет жасына толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірақ Үкімет те, Парламент те асықпады. Тек жыл аяқталуға таяғанда, кеше тиісті заң жобасын Мәжіліс қарауға алды.

Президенттік бастама аясында өмірге жолдама алатын жаңа жәрдемақы – арнайы әлеуметтік төлем немесе АӘТ келесі жылдан бастап енгізіледі деп күтілуде. Демек, шенділер мен депутаттар шабан қимылды доғарып, асыққаны жөн.

Айтпақшы, осы төлем енгізілмей жатып, жанжал туғызды. Сарапшылар мен ақпарат құралдары "бұл төлем адамды зорықтыратындай ауыр, денсаулыққа залалды, әрі қаупі мол жұмыс орындарында кем дегенде жеті жыл істегендерге ғана беріледі" деп тарата бастады. Бұл ретте олар Президенттің "Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріледі" деген сөзін басшылыққа алды, сондай-ақ Үкімет басшысының әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Тамара Дүйсенованың 22 қыркүйектегі журналистерге түсініктемесіне сілтеді.

23 қыркүйекте мұны Еңбек министрлігі жоққа шығарып, фейк деп атады.

"БАҚ-та, әлеуметтік желіде АӘТ тағайындау үшін "зиянды еңбек жағдайларында кем дегенде 7 жыл жұмыс өтілінің болуы" талап етілетіні туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды және журналистердің мәселенің мәнісін түсінбеуінің салдары. Қазіргі уақытта мүдделі меморгандармен, жұмысшылардың және жұмыс берушілердің өкілдерімен бірге жаңа тәсілдердің пысықталып жатқанын атап өтеміз. Түзілген тәсілдер туралы қосымша хабарлаймыз", – деп мәлімдеді сонда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Оның егжей-тегжейі енді жария етіліп отыр. Бір қызығы, министрлік өзі жоққа шығарған тәсілдемені мақұлдапты. Тек басқа сөздермен берген.

"Министрлік зиянды жұмыстарды атқаратын адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру тәсілдерін әзірлеп, мүдделі меморгандармен келісті. Азаматтардың осы санаты үшін арнайы әлеуметтік төлем (АӘТ) енгізу қарастырылады. Арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және 7 жыл бойы аударылған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады деген шешім қабылданды", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Қыркүйек айында оның министрлігі "бұл төлемді алу үшін кем дегенде 7 жыл зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеу керек" деген сарапшылардың тұжырымын жоққа шығарғанда, залалды жұмысқа енді ғана орналасқан жұмысшылар да ол төлемнен үміттене алады деген пікір қалыптасқан еді. Енді министрлік оларды үмітінен айырып отыр. 

Себебі, министр айтқан "7 жыл бойы аударылған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар" деген сөз осынша уақыт зиянды жұмыс істеуге міндетті дегенді білдіреді. Себебі, қағидаларға сәйкес, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) жұмыс берушілер тек "еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері тізбеде көзделген жұмыскерлер" үшін ғана аударады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда зиянды, қауіпті жағдайларда еңбек ететін адамдардың саны 386,3 мыңнан асты. Кейінгі жылда олардың қатары 5%-ға артқан.

Бұл сан алда күрт көбеюі мүмкін. Министрлік 19 саланың 11-інде ғана ірі және орта кәсіпорындардағы зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың тізімі жүргізілетінін нұсқады. Оның өзінде жаппай емес, тек іріктеу әдісімен талданып, зерттеледі. Сонымен бірге статистикалық іріктеумен шағын кәсіпорындар мүлде қамтылмаған.

Салдарынан, елде жұмыскерлердің барлық орташа тізімдік санының 19%-ы статистикалық байқаумен қамтылады.

Зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің ең көп саны өңдеу өнеркәсібінде (26,9%), тау-кен өндіру өнеркәсібінде (24,5%), көлік және қоймалау саласы (14,1%) кәсіпорындарында тіркелді.

Өңірлік тұрғыдан алсақ, зиянды, әрі қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыскерлердің ең жоғары үлесі Қарағанды (15,4%), Павлодар (10,5%) және Маңғыстау (10,0%) облыстарына тиесілі.

2022 жыл қорытындысында жұмыс берушілер зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктер, яғни  жеңілдіктер мен өтемақылар түрінде 207,6 миллиард теңгеден астам қаражат аударыпты. Сөйтіп, бұл шығыны 2020 жылмен салыстырғанда 47%-ға ұлғайды. Екі жыл бұрын 141,5 млрд теңге төледі.

Бұған қоса, жұмыс берушілер былтыр өз қызметкерлерінің зейнетақы жинағына МКЗЖ түрінде 69,8 миллиард теңге аударды. Яғни, 2020 жылғы 42,7 млрд теңгемен салыстырғанда, бұл сома 1,6 есеге жуық өсті.

Жұмыс берушілердің шығыны алда тағы өспек. Министр Жақыпованың түсіндіруінше, арнайы әлеуметтік төлем 4 көзден құралады:

  • республикалық бюджеттен оның құрамына 1,5 ең төменгі күнкөріс шегі мөлшерінде (2024 жылы 65 110 теңгедей) қаржы қосылады;
  • Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтары есебінен қаржы аударылады;
  • өмірді сақтандыру компанияларынан 1 ең төменгі күнкөріс шегі мөлшерінде (келесі жылы 43 407 теңге) бөлінеді;
  • жұмыс берушілер оны өз қаражаты есебінен тағы 1 ең төмен күнкөріс шегі көлемінде (43 407 теңге) толықтыруға тиіс болады.

АӘТ-ті төлеу әлі басталған жоқ. Себебі, тиісті заң жобасын Мәжіліс әзірге қабылдамаған.

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттарға зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулерді таныстырды. Яғни, заң тіпті палатаның қарауына да жеткен жоқ. Тек комитет пен жұмыс тобының деңгейіндегі талқылаулар бастау алды.

"Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және 4 көзден: республикалық бюджеттен, міндетті зейнетақы жарналары есебінен, сақтандыру компанияларының төлемдерінен және жұмыс берушілердің қаражатынан жүзеге асырылады. АӘТ мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Ақмәди Сарбасов.

Төлемді алу үшін азаматтың 7 жылдық міндетті зейнетақы жарналары болуға және өзі 55 жасқа толуға тиіс. Әрине, зиянды жұмыс істеуі де міндетті. Сонда "жұмысшы зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орнын тастап кеткенде" аталған арнайы төлемді алуға құқылы болады.

"Заң жобасында бұл талаптарға үшінші бір шартты қосуды ұсынып отырмыз: АӘТ алғысы келсе, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмысын тоқтатуға тиіс болады. Бірақ үйде отырмай, басқа жұмыс табуына рұқсат еткен жөн. Мысалы, жұмыс берушісімен келіссе, сол кәсіпорындағы өзге жеңіл жұмысқа ауысуына болады", – деді Сарбасов.

Ол жаңа жәрдемақы көлемінің қанша болатынын шамалап қана айтты.

"Егер жұмысшы АӘТ алуға тілек білдірсе, онда төлем орта есеппен 200 мың теңгедей болады. Бірақ төлем сомасы әр жұмысшыға жеке есептеледі, бәріне ортақ сомасы жоқ. Мысалы, жұмысшының жалақысы жоғары болуы, жұмыс берушісі тарапынан еңбек кепілдіктері, үстемеақылары болуы ықтимал. Онда АӘТ сомасы өсіп, 400 мың теңгеге жетуі мүмкін. Сондай-ақ кәсіби еңбекке қабілетін жоғалтса, соның дәрежесіне қарай аталған төлем артуы мүмкін. Өйткені онда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан төлемдер қосылады", – деді Еңбек вице-министрі.

Арнайы әлеуметтік төлем экс-жұмысшы зейнет жасына жеткенде тоқтатылады. Әрі қарай ол БЖЗҚ-дағы жинағы есебінен және базалық зейнетақылық төлемнен құралатын ынтымақты зейнетақы алады. Бірақ зейнетақысының 400 мың теңгедей болуы неғайбыл.

Еңбек министрлігінің есебінше, заң жобасы 2024 жылы күшіне енсе, онда аталған критерийлерге сәйкес келетін шамамен 37 адам бірден арнайы әлеуметтік төлемді рәсімдеуге құқылы болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу