Елімізде әлі күнге дейін "босанғаннан кейінгі депрессия" ресми диагноз ретінде енгізілмеген

176

​Бұрын қоғамға қалыпты, еш астары жоқ секілді көрінген жайттар қазір өте күрделі мәселеге айналды. 

Елімізде әлі күнге дейін "босанғаннан кейінгі депрессия" ресми диагноз ретінде енгізілмеген Фото: freepik

Әйелдердің босанып, ана атанып жатқаны жақындарын қуантып, елдің демографиялық көңіл-күйін көтерері даусыз. Бірақ ананың өзі сол бақытты сезіне алмайтын болып шықты.

Себебі босанғаннан кейін әйелдің ағзасы күйзеліп, депрессияға ұшырайды. Қоғам кейінгі бес жылдың шамасында ғана бұл мәселені аздап айта бастады. Дегенмен мұны қабылдамай, ананы одан әрі әбігерге салатындар да жоқ емес. Ал оның соңы қайғылы оқиғаларға ұшыратуы мүмкін.

Арагідік ақпарат құралдарынан суицидке барған немесе өз сәбиіне қол жұмсаған әйелдер жайлы ақпараттар жарияланады. Кей қылмыстың бастауы босанғаннан кейін пайда болған депрессиядан шығуы мүмкін. Бір қызығы, медицина ғылымы осындай жайттың барын мойындағанымен, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін "босанғаннан кейінгі депрессия" деген ресми диагноз енгізбеген. Тек жалпы психоэмоционалды жағдай ретінде бағаланады.

Десе де бұл депрессия қазақстандық әйелдерде жоқ дегенді білдірмейді. ЮНИСЕФ-тің дерегінше, өткен жылдары Қазақстанда аналардың 60 пайызы босанғаннан кейін күйзеліске түскен. Осылайша әлемдегі ең нашар көрсеткіш тіркеген елдердің қатарына кіріп отыр.

– Қазақстанда босанғаннан кейін депрессияға шалдыққандардың есебін көрсететін ресми статистика жоқ. Әйтсе де кейінгі нәтижелерге қарасақ, елеулі алаңдаушылық туғызады. Мысалы, 2022 жылы Семей қаласында жүргізілген зерттеуде аналардың 59,4%-ы босанғаннан кейінгі бірінші жылында депрессияға ұшырағаны белгілі болды. Біріншіден, үй-жайының жақсы болмауынан отбасылық кикілжің туған. Екіншіден, әйел босанғаннан кейін психологиялық тұрғыда қолдау көрмеген. болмауынан туындаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, Қазақстанда әйелдердің 19-25 пайызы босанғаннан кейін депрессиядан зардап шегуі мүмкін екенін болжаған, – деген Еуропа мен Орталық Азиядағы ЮНИСЕФ Денсаулық сақтау маманы Фахриддин Низамов.

Босанғаннан кейінгі депрессия қалай көрінеді? Жас ана шаршап-шалдығып, күш-қуаты таусылады, ұйқысы бұзылады, тәбеті өзгереді, көңілін мұң басып, өзін кінәлі сезініп, өзіне көңілі толмай, ана ретінде өзін қабілетсіз санайды. Соның әсерінен кінәсіз нәрестені де жазғыра бастауы мүмкін.

Сарапшылар Қазақстанда және Орталық Азия аумағында тұрмысы төмен әйелдердің босанғаннан кейін кезеңде жиі кездесетін депрессиясымен күресуге атсалысып, сапалы психологиялық көмек көрсететін орталықтар жеткіліксіз екенін айтып жүр.

– Мұндай жағдай көбіне жас аналар арасында жиі кездеседі. Босанғаннан кейін 3 тәулік өткен соң ананың 70 пайызында гормоналды өзгерістің салдарынан психикасына әсер ете бастайды. Жалғыздық сезімін жеңуге және эмоционалды жағдайды жақсартуға жақындары көмектесуге тиіс. Егер дұрыс қолдау болса, терапия жүргізілсе, көп әйелдер бұл жағдайды жеңіп шығады, – дейді акушер-гинеколог Владимир Калашников.

Бәрін қаралаудан аулақпыз, бірақ босанған әйелге барлық әулет бірдей қолдау көрсете ме? Бұл нақты көрсеткішін білу мүмкін емес жайт. Сәбиін енді қолына алған әдеттегідей үй шаруасына жұмсап отыратындардың бары жасырын емес.

Мәселені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдері бірнеше мәрте көтеріп, тиісті ведомстволарға "босанғаннан кейінгі депрессия" диагнозын ресми енгізуді ұсынған. Алайда нәтиже жоқ. Соның салдарынан сәбиге көңіл бөліп, назарын салған қоғам, жас аналардың жағдайын жеткілікті деңгейде елемей келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу