Жаңа жылдың басталуына санаулы күндер қалды. Мерекелік көңіл-күйді сезінгісі келетіндер Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырып жатады. Жаңа жылдың басты кейіпкерлерін шақыру үшін қанша ақшаңыз кетеді? Бұл тақырып төңірегінде inbusiness.kz тілшісі шолу жасады.
31 желтоқсан жақындаған сайын баға да шарықтайды. Әдетте мерекелік бағдарламада Аяз ата мен Ақшақар келісілген уақытта үйге немесе мерекелік кешке барып, өздерін таныстырады, балалармен бірге шыршаны айналып, оларды ойнатады. Балалар өз өнерін көрсетеді, бұл ретте Аяз ата олардың ата-аналары дайындаған немесе өздері әкелген сыйлықты табыстайды. Құттықтау естелік суретке түсумен аяқталады.
Материалды дайындау барысында Астана, Алматы қалаларында Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыру бағасы өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жоғары екеніне көзіміз жетті. Интернеттегі хабарландырулардан көз сүрінеді. Тіпті әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып жатқандары да бар. Кейбірі қызмет бағасын ашып көрсетсе, енді бірінде көрсетілген телефон нөмірі бойынша хабарласу қажеттігі жөнінде айтылған. Мерекелік бағдарламалар қазақ, орыс тілдерінде жүргізіледі. Кәсіби түрде айналысатын орталықтардың бірқатары ағылшын тілін де қосып отыр. Кейбірінде ертегі кейіпкерлерін шақыру құны балалар санына байланысты екенін атап өту керек.
Елордалық Ернар Журкин мен Әсел Сатанованың негізгі мамандығы – педагог. Бос уақыттарында Аяз ата мен Ақшақар болып табыс табады. Бұл олардың хоббиі деуге келеді.
"Бізде Аяз ата мен Ақшақарды шақыру 15 минуттан 30 минутқа дейін барады. Бірақ ата-аналар көп уақыт болғанын қалайды. Күндізгі уақыттағы 15-20 минуттық қойылымдар үшін 15 мың теңге аламыз. Енді ғана бастаған, салада жүргеніне бір-екі жыл ғана болғандар осындай соманы алса, тәжірибелі аниматорлардың алатыны 30 мың теңгеден басталады. Күніне орташа есеппен 10 адамға дейін хабарласуы мүмкін. 31 желтоқсанда түнгі он екіге дейін жұмыс істейтіндер де бар. Олардың бағасы 80-100 мың теңге шамасында болады. Негізі сол күні сұраныс өте жоғары екенін ескеру керек. Бір ғана Астананың өзінде күндізгі баға 20 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін өзгеріп, кешкі 17.00-ден кейін баға екі есе өседі", - деді Әсел Сатанова.
Сөзінше, балабақша, мектеп немесе корпоративтерге баратын аниматорлардың бағасы сәл өзгеше.
Балаларын қуантуға асыққан алматылықтар орташа есеппен 30-35 мың теңгеден бастап ақша жұмсауға дайын болуы керек. Қосымша табыс көзі деп қарастырған азаматтар бұдан да аз сома алады.
Айта кету керек, бағдарлама уақытына және аниматорлардың тиісті саладағы біліктілігі мен тәжірибесіне қарай баға өзгереді. Оңтүстік астанадағы Аяз ата мен Ақшақардың қызметін ұсынатын Instagram-дағы бірнеше парақшаны шолып өттік.
Мәселен, бірінде 31 желтоқсанға дейін 15 минут үшін – 25 мың теңге, 30 минутқа – 35 мың теңге, 60 минутқа 55 мың теңге деп көрсетілген. Ал Жаңа жыл кешінде кешкі сағат 19.00-ге дейін жарты сағат үшін – 40 мың теңге. Екінші парақшада Жаңа жыл кейіпкерлері қызметінің бағасы келесідей өзгерді: 15 минут үшін – 35 мың теңге, 30 минутқа – 50 мың теңге, бір сағатқа – 80 мың теңге. Тағы бірінде 29 желтоқсанға дейін Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауы 30-40 минуттық бағдарлама үшін 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін барады.
Қарағандыда Жаңа жылдың кейіпкерлерін үйге шақыру бағасы да арзан деуге келмейді. Танымал интернет сервистерге зер салсақ, 15 минуттық бағдарлама үшін орта есеппен 10-15 мың теңге, ал жарты сағатқа 20 мың теңге деп жазылған. Кейбірі мерекелік акциялар ұсынып жатады. Мәселен, тұрғын үй кешенінде 3 немесе одан да көп пәтер иелері тапсырыс беретін болса, онда Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауына 10 мың теңгеден төлеуге болады.
Қостанайда 20-30 минуттан тұратын бағдарлама 12-15 мың теңгеден басталады. Жарнамаларда 27 желтоқсанға дейін Аяз ата мен Ақшақардың 15 минуттық құттықтауы – 7 мың теңгеден, 25 минутқа 12 мың теңге болатыны көрсетілген. 28 желтоқсаннан бастап бұл баға екі есе көтеріледі. Тәжірибелі аниматорлар бұдан да жоғары сома сұрауы мүмкін.
Көкшетауда да баға әртүрлі құбылады. Интернеттегі хабарландыруларға сәйкес, кейбірі 20-25 минуттық бағдарламаны 25-27 желтоқсанда – 6 мың теңге, 28-30 желтоқсанда 7,5 мың теңгеге бағалаған. 31 желтоқсан күні бұл баға 9-12 мың теңгеге дейін барады. Тағы бірі 15 минуттық бағдарламаға – 10 мың теңге, 20 минуттық құттықтауға – 15-20 мың теңге, ал толық бір сағаттық мерекелік бағдарламаға 30 мың теңге сұрайды.
Бір сөзбен айтқанда, Жаңа жылдың басты кейіпкерлерін көңіліңізге әрі қалтаңызға қарай таңдауға болады.